Елімізде қоғамдық орындарда діни киімдерді (никаб) киюге тыйым салуды көздейтін заң жобасы қашан қабылданады? Парламенттің бірлескен отырысында депутаттар пікір білдірді , деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, қазақ халқына өзінің діни, мәдени, дәстүрден келген құндылықтары қажет.
Бізге өзіміздің діни, мәдени, дәстүрден туындаған құндылықтар қажет. Мәселе киімнің түсі мен түрінде емес. Алайда мәселе (қара киімнің) артында тұрған идея мен наным-сенім қауіпті, - деді Сарым.
Айдос Сарымның айтуынша, заң жобасын Үкімет қорытынды берген соң Парламент оны қарайды.
Мәжілістің жанында қоғамдық палата бар. Заңды осы жерде талқылап ой сүзгісінен өткізу керек деп санаймын, – деді депутат.
Тағы бір мәжілісмен Ермұрат Бәпи заң жобасы мемлекеттік органдарға келісімге жіберілгенін айтады.
Негізі заң жобасы дайын. Күзде заң жобасы Парламентке түседі. Құжат мемлекеттік органдарға келісімге жіберілді. Себебі, кейбір заңның баптары мен позициясы бір-біріне және басқа заңдарға қайшы келмеуі керек. Сондықтан, заң жобасын мемлекеттік органдар қарап жатыр. Біз осы заңға бастамашылық етеміз. Бұл заңды қазақтың мүддесі тұрғысынан қабылдауға мүдделіміз, – деді Бәпи.