Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Mars компаниясының бас атқарушы директоры Пол Вайраухпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Mars компаниясы арасында жалпы сомасы 180 миллион долларға жуық инвестициялық келісімге қол қойылғанын құптады. Оның пікірінше, бұл уағдаластық стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін бастап, Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайта түседі.
Жоба аясында Mars компаниясы Алатау қаласында үй жануарларына арналған азық өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын агроөнеркәсіптік шикізатты терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Пол Вайраух инвестициялық келісімді жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін Президентке алғыс білдіріп, бұл жоба компанияның өндірістік әлеуетін кеңейтіп, Орталық Азия мен көршілес нарықтарға өнім экспортын арттыруға жол ашатынын айтты.