Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеуде не айтқаны белгілі болды

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
29 Сәуір 2025, 12:18
1015
Бөлісу:
 видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырыстары әлі де жалғасуда. Бүгінгі тыңдауда тергеу барысында марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тірі кезінде берген жауабы жария етілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шерзат Болаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде бүгін марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезінде берген жауабын прокурор оқыды. Ол бұл істегі жәбірленушілердің бірі ретінде танылған.

Ғайыпбаевтың айтуынша, қайғылы жағдай болған күні кешкі сағат жеті мен жеті жарымның арасында “Қамажай” дүкенінің жанындағы ет дүкеніне ет жеткізіп барған. Сол мезетте әкесі Болат Нұрымов хабарласып, үйге қауын ала келуді сұраған.

Сағат сегіздер шамасында Шерзат екеуміз дүкеннің ішкі тірлігін аяқтадық. Ол күндізден бері қасымда жүрген, бірге мал да сойғанбыз. Үйге қайтайық деп едім, Шерзат "Нұрқанат аға, сіз кете беріңіз, мен дүкенді жинап, тазалап, артынша барамын" деді. Мен жалғыз қайттым. Үйге барған соң кешкі асымды ішіп, демалуға жаттым. Түнгі он бірлерде жеңгем оятып, Қаржаубай ағамның шұғыл дүкенге келуімді сұрап жатқанын жеткізді. Кейін Шерзатқа хабарластым. Қаржаубай Шерзаттың біреумен жанжалға түсіп қалғанын айтқан еді, – делінген жауапта.

Марқұмның сөзінше, жанжал басталмас бұрын Нұрбол есімді азамат алдымен “Чикаға”, артынша Нұрқиясқа қоңырау шала берген.

Бір сәтте олардың бұл әрекеті жақсылыққа апармайтынын сездім. Шерзатқа қайтуын ескерттім. Ол әкеміздің Ravon көлігіне отырып, ашуланып кетіп қалды. Кейін Нұрболмен сөйлесіп, “мәселені бейбіт шешейік” деп ұсыныс білдірдім. Нұрбол “бауырым, кешірім сұрап жатқаның дұрыс” деп, ашуын басқандай болды. Сол сәтте Hyundai және Mercedes көліктері келіп тоқтады. Hyundai-дан үш-төрт адам, ал Mercedes-тен Абзал, Шыңғыс, Нұрқияс және тағы бір жас жігіт пен екі қыз түсті. Бірінші маған Нұрқияс келді, – деп баяндалған Нұрқанат Ғайыпбаевтың жауабында.

Кейінірек, Ғайыпбаевтың айтуынша, Нұрқияс Ілиясов жәбірленуші Ахмет Махметке қол жұмсаған. Жанжал шиеленіскен сәтте төбелес басталып кеткен.

Бірнеше адам маған қарсы ұмтылды. Нұрқияс соққы жасады, мен оның соққысын тойтарып, жауап ретінде кеудесіне бір соққы бердім. Ағам Қаржаубай дүкеннен шыға алмай жатты — бір қыз есіктің аузын жауып, аяғымен тіреп тұрған. Тағы бір қыз Mercedes жанында тұрып, кейіннен көліктен пышақ алып берді. Алдымен пышақ Нұрқиясқа жетті, – деп көрсеткен марқұм тергеу барысында.

Бұл сот ісі қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Оқиға кезінде көз жұмған Шерзат Болаттың өліміне байланысты бірнеше адам жауапқа тартылып, сот процесі жалғасып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы