Мароккода 7,0 магнитудасымен болған жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 1037 адамға жетті, тағы 721-і зардап шекті. Мұндай мәліметті Корольдіктің Ішкі істер министрлігі келтірді. BAQ.KZ бұл туралы Анадолыға сілтеме жасап хабарлайды.
9 қыркүйекке қараған түні Марракеште 7 балл қуатымен болған зілзала, кейінгі жүздеген жылда алғаш тіркеліп отыр. Марракеш пен Агадирде ғимараттар қирады.
Марокконың әскери қызметшілері, жергілікті әкімшіліктер, қауіпсіздік күштері мен азаматтық қорғау жасақтары іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр, апат аймағына гуманитарлық көмек жеткізу үшін барлық күш-жігер жұмылдырылды.
Марокколық БАҚ-тың мәліметінше, жерасты дүмпуі Рабатта, сондай-ақ Касабланка, Мекнес, Агадир және Фес сынды қалаларда сезілді.
Марокконың Ұлттық геофизика институтының хабарлауынша, жер сілкінісінің ошағы Марракештегі Эль-Хауз ауданында орналасты. Тереңдігі – 8 шақырым. Тербелістер эпицентрден 400 км радиуста сезілді.
Қуатты дүмпуден кейін жүздеген афтершок тіркелді, магнитудасы ең үлкені – 6,0.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Марокко Королі VI Мұхаммедке көңіл айту жеделхатын жолдады.