Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстік Африка құрлығында орналасқан мемлекеттің солтүстік аудандарында орман өрті толастамай тұр. Тілсіз жау Лараш, Уаззан, Таза және Тетуана провинцияларын шарпыды деп жазады AlJazeera.
Өртенген жердің жалпы аумағы 4660 гектарға жеткен. Бәрінен көп Лараш провинциясы зардап шегіп, бір адам қайтыс болған.
Өрт Марокконың солтүстігіндегі орманды алқаптарда бірнеше күннен бері тоқтамай тұр. Оны сөндіру үшін жүздеген өрт сөндірушілер мен әскерлер жұмылдырылған.
Жергілікті билік таратқан мәліметке сәйкес, өңірдің 19 ауданынан 1320-дан астам отбасы эвакуацияланды.
Өрт сөндіруге үдере соққан желдің қатты екпіні, сондай-ақ 40 градусқа дейін жеткен жоғары ауа температурасы кедергі келтіруде.
Соңғы күндері Мароккода ауа райы бірден ысып, 45 градусқа дейін жеткен.
Сондай-ақ Оңтүстік Еуропадағы Испания, Португалия, Франция, Грекия елдерінде де өрт орын алды.