Маркетплейсте табыс табуды үйретемін деп, 5 адамды алдаған астаналық әйел 6 жылға сотталды

Ол бес адамға 15,6 млн теңге шығын келтірген.

 istockphoto.com 10 Қазан 2026, 14:48
10 Қазан 2026, 14:48
272
Фото: istockphoto.com

Астанада маркетплейстерде сауда жасауды үйретемін деп бес адамды алдаған әйел алты жылға бас бостандығынан айырылды. Ол тауар сатып алып, қайта сатуға ақша салғандарға инвестициясын пайдасымен қайтаруға уәде берген. Жәбірленушілерге келген жалпы шығын 15,6 млн теңгені құрады. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Әйел әлеуметтік желілер арқылы азаматтарға маркетплейстерде жұмыс істеуді үйрететінін айтып, қызмет ұсынған. Оқыту барысында олардың сеніміне кіріп, кейін сату үшін тауар сатып алуға ақша салуды ұсынған. Салған қаражатын пайдасымен қайтаратынына сендірген.

Алайда ол алған ақшасын өз қалауынша жұмсаған. Соның салдарынан бес адамға жалпы сомасы 15,6 млн теңге материалдық шығын келген.

Сот үкімімен әйел алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұрын сотталғанын ескере отырып, оған алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Астана прокуратурасы азаматтарды әлеуметтік желілерде ұсынылатын инвестициялық жобаларға сақтықпен қарауға шақырды. Жоғары әрі кепілді табыс уәде ету, сондай-ақ бизнесті «өркендету» үшін ақша салуды ұсыну алаяқтық схеманың бір бөлігі болуы мүмкін.

Ведомство өкілдері алушының жеке басын, қызметінің заңдылығын тексермей және міндеттемелерді құжат жүзінде рәсімдемей, ірі сомадағы ақшаны аудармауға немесе бермеуге кеңес берді.

Наверх