Мақтааралдықтар қырыққабаттың алғашқы өнімін Ресейге жөнелтті

11 Сәуір 2019, 21:59
2234
Бөлісу:
Мақтааралдықтар қырыққабаттың алғашқы өнімін Ресейге жөнелтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары сәуірдің ортасына жетпей қырыққабат дақылынан алған алғашқы өнімді Ресей Федерациясының Қазан қаласына экспорттады. Бұл туралы ауданның баспасөз қызметі мәлім етті.

Алғашқы өнімді жинау науқанына куә болған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Т.Оспанов ерте егілетін көкөністің бұл түрін өндіруден үздік саналатын Мақтаарал ауданының шаруаларына тәнті болды. 

Биыл шаруалар қаңтардың қақ ортасында диқаншылықты бастап жіберген болатын. Соның арқасында ерте егілген көкөніс 342 гектарға, оның ішінде қырыққабат дақылы 281 гектарға жетті. Сондай-ақ, қызылша 22 гектарды, болгар бұрышы 20,5 гектарды, қызанақ 17,5 гектарды, қияр 1 гектарды, картоп 32 гектарды құраған. 

Ең бірінші болып өнім алып жатқан қожалықтардың бірі – ауданға қарасты Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан «Шишкин» шаруа қожалығы. Қожалық биыл 3 гектар жерге қырыққабат, 1 гектар жерге болгар бұрышын және 1 гектар жерге баклажан еккен. Көкөністердің барлығын өсіруде тамшылатып суғару технологиясын пайдаланыпты және соның арқасында өнімдері ерте жетілген. 

Мақтаарал ауылдық округінің әкімі Алим Ибраев ерте егілетін көкөністі жинау науқанына қазірдің өзінде бірнеше бригада қатысып отырғанын тілге тиек етті. Мұндағы 1 бригадада 40-50 шақты жұмысшы бар және күніне әрқайсысы 2000-3000 теңге аралығында еңбекақы алуда. 

Айта кетейік, дәл осы «Шишкин» шаруа қожалығы өсірген қырыққабаттың «Пекин» сортынан алынған 70 тонна өнім Ресейдің Қазан қаласына жөнетілген.

Өзгелердің жаңалығы