Мақтааралдағы су деңгейі көтеріліп келеді

3 Мамыр 2020, 17:12
1519
Бөлісу:
Мақтааралдағы су деңгейі көтеріліп келеді
Фото: дереккөз

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Су деңгейін өлшеп отырмыз. Қазір ол сәл болса да өсіп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, кейбір елді мекенде су деңгейі көтерілгенімен, кейбірінде түскен. 

Бірақ Мырзакенттің жанындағы Жайлыбай ауылында су деңгейі 6 см түсіпті. Ал, Фердауси ауылында су деңгейі өсіп жатыр. Су деңгейінің өсуі ауылдардың орналасуына қарай болып жатыр, ойпаң жерде тұрған ауылда су көтерілген, ал дөңес жерде тұрған ауылдарда азайған, - дейді ол. 

Сәкен Қалқаманов брифинг барысында су басқан елді мекендерде әлеуметтік маңызы бар ғимараттар да зардап шеккенін айтты. 

Оның ішінде мектеп, балабақша, аурухана бар. Бұл нысандардың барлығы тіркеуге алынып, қаншалықты зардап шеккенін анықтаймыз. Су тоқтамай оны қазір тексеру мүмкін емес. Дегенмен, бұл ғимараттар жеке үйлер сияқты сабан кірпіштен емес, бетон және басқа берік материалдан тұрғызылған. Сондықтан оларға жөндеу жұмыстары жүргізіледі, - деді әкім орынбасары.

Сондай-ақ, ол эвакуациялық орындарда коронавирусқа қарсы шаралар назардан тыс қалмағанын, карантин режимі сақталғанын жеткізді.

Эвакуациялық орындарда халықтың коронавирус жұқтырып алмауына қарсы шаралар қолға алынған. Мұндай орынға жеткізілген әр адамның дене қызуы тексеріліп, маска, қолғап беріледі. Қоғамдық пайдаланудағы орындардың барлығы антисептикпен қамтылған. Оның үстіне, әр эвакуация орнында жедел жәрдем жұмыс істеп жатыр. Адамдардың барлығына психологиялық көмек көрсетілуде, - деді Сәкен Қалқаманов.
Айта кетейік, Түркістан облысында тасқын су салдарынан үш елді мекен қатты зардап шекті. Осыған орай Мақтааралда үйі қирап, малы қырылған халықтың тізімі жасақталады. Әкім орынбасары тасқын су қаупі әлі бар екенін жасырмады.

Өзгелердің жаңалығы