Мақтаарал ауданында медициналық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін жаңа жыл мерекесі қарсаңында "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" жобасы аясында А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Төрткүл ауылында және Бірлік ауылдық округіне қарасты Табысты ауылында фельдшерлік-аккушерлік пункттер пайдалануға берілді. Бұған дейін Еңбекші ауылдық округіне қарасты Шұғыла мен Нұрлытаң ауылдарында да медициналық нысандар ашылған болатын.
Бұл нысандар - жергілікті халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндіктер береді. Мұнда ауыл тұрғындары алғашқы медициналық көмек, профилактикалық тексерулер және басқа да қажетті емдеу шараларын ала алады.
Нысандардың ашылу салтанатында аудан әкімі Бақыт Асанов жаңа медициналық нысандардың маңыздылығын атап өтіп, тұрғындарға денсаулық сақтау қызметінің жақсарып, ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігі артып жатқанын жеткізді.
Бүгін біз үшін маңызды әрі қуанышты оқиға – ауданымызда тағы да қос бірдей жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктінің ашылуы. Аталған нысандар ауыл тұрғындарының денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Енді сіздер өздеріңізге жақын жерде, қолжетімді түрде медициналық көмектерді ала аласыздар. Бұл, әсіресе, шалғай аймақтарда тұратын тұрғындар үшін үлкен қолдау болып табылады. ФАП – тек медицина мекемесі ғана емес, бұл – біздің әрқайсымыздың қамқорлығымыз бен жауапкершілігімізді біріктіретін маңызды қадам - деді Бақыт Насырханұлы.
Айта кетейік, мердігер "Нұр-Л-Жетісай" ЖШС құрылысын жүргізген "Төрткүл" ФАП-ның конкурстық құны 246 миллион теңге, "Elmar" ЖШС құрылысын жүргізген "Табысты" ФАП-ның конкурстық құны 183 миллион теңгені құрады.