Мақтааралда балықшылар балық аулаудан 3 күн бойы жарысты

26 Мамыр 2022, 21:05
2046
Бөлісу:
Мақтааралда балықшылар балық аулаудан 3 күн бойы жарысты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мақтаарал аудандық спорт және денешынықтыру бөлімінің, аудандық "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің және "Мырзакент" балықшылар қауымдастығының ұйымдастыруымен "Шардара" су қоймасының жағажайында еліміздің 5 облысынан келген балықшылар 3 күн бойы балық аулаудан жарысты, деп хабарлайды Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының қалалары мен аудандарынан және Шымкент қаласынан келген 100-ге жуық балықшы 37 командаға бөлініп, 3 күн бойы балық аулау бойынша өнерлерін көрсетті. 

Қазіргі заманда күйзеліске жиі ұшырайтын адамдар көп. Шаршағаныңды басып, күйзелісіңді жеңуге көмектесетін, өмір сүруге деген құлшынысыңды арттыратын демалыстың әрі спорттың ерекше түрі - балық аулау. Таза ауада, тұнық судың бойында жүйкең демалып, иммунитетің артатынын дәрігерлер де мойындайды. Сондықтан, Мақтаарал ауданы әкімдігінің атынан балықшылар қауымдастығымен бірлесіп, осы үлкен іс-шараны өткізуді қолға алдық - деді аудандық мәслихаттың депутаты Сүндет Кенжебаев. 

Ұйымдастырушылар Шардара су қоймасы балық аулауға ең қолайлы су айдындарының бірі екенін атап өтті. Өйткені, "Шардара" су қоймасы - Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Келес аудандарының арасында орналасқан еліміздегі көлемі жағынан ең үлкен 3-ші су қойма саналады. Сондай-ақ, жылы аймақта орналасқандықтан, балық шаруашылығына да өте қолайлы. 

Мақтааралда балықшылар балық аулаудан 3 күн бойы жарысты

Жарыстың шарты бойынша әр команда 3 адамнан құралды. Бір командада 6 қармаққа дейін пайдалануға рұқсат берілді. Қайықпен балық алулауға тыйым салынды. Жарысқа спирттік ішімдік алып барған командалар бірден ойыннан шығарылды. Комиссия, судья мүшелері әділетсіз басқарып жатқан жағдайда балықшылар қауымы бас қосып, мүшелерді толық ауыстыруға да мүмкіндік берілді. 

22-24 мамыр аралығында 3 күн бойы өткен жарыстың нәтижесінде 4-орынды "Ринат" командасы, 3-орынды "Абиш" командасы, 2-орынды "Сабыр" командасы жеңіп алды. Сондай-ақ, бас жүлде 1-орынды "Абдул-Қасым" командасы иеленіп, Республикалық балық аулау жарысының Чемпионы атанды. Сонымен қатар, қармақты ұзақ қашықтыққа лақтыру бойынша және алғашқы балық, үлкен балық номинациялары бойынша да арнайы орындар берілді. 

Мақтааралда балықшылар балық аулаудан 3 күн бойы жарысты

Барлық жүлдегерлерге аудан әкімі Бақыт Асановтың атынан сый-сияпат ретінде аңшылық пен саяхат жасауға пайдаланылатын қажетті құрал-жабдықтар берілді. Ауданның спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Жандарбек Тәтеев пен аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің басшысы Сүндет Кенжебаев балық аулау жарысы әр жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатынын атап өтті.   

Айта кетейік, балық аулауға сәуір мен маусым айлары аралығы және қыркүйек пен қазан айының бірінші жартысы ыңғайлы деп есептелген. Балықтың уылдырық шашар кезі су жылып, өзен тасыған маусым-шілде айларында болады. Өзендер тасып арнасынан асқан кезде, жайылма суларға да уылдырық шашады. Бұл кезде балық аулануға тыйым салынады.  

Өзгелердің жаңалығы