Қазақстанда мақта шаруашылығының жағдайы жыл сайын нашарлап келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы сенатор Мұрат Қадырбек өзінің депутаттық сауалында мәлімдеді.
Осы өнім түрін игеріп жатқан шаруа қожалықтарының соңғы жылдардағы жағдайы тұрақсыз. Шаруа қожалықтары өнімін дұрыс мөлшерде ала алмай, еңбегінен табыс табудың орнына тек шығындарын өтеп, кей жағдайда қарызға батып ертеңгі күніне алаңдаумен келеді. Түркістан облысы республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір, - деді сенатор.
Сенатордың айтуынша, жағдайды одан әрі қиындатып отырған жайт – мақтаның шикізат түрінде делдалдар арқылы экспортталуы. Халықаралық нарықта сұраныстың азаюы және өңдеу шығындарының жоғары болуына байланысты жергілікті өндірушілер жеткілікті табыс таппай, тиімсіз жағдайда қалып отыр. Депутаттың мәліметінше, елімізде мақта талшығын терең өңдейтін небәрі үш кәсіпорын бар, олардың үлесі 15%-дан аспайды. Ал қалған 85% шикі күйінде экспортталады. Қазақстанда мақта өнімін өңдеу құны тоннасына 150-170 мың теңге шамасында, бұл Қытай мен Өзбекстандағы бағадан үш есе жоғары. Мұндай жағдай шаруалардың табысын азайтып, экономикалық тұрақтылығына кері әсер етуде.
Осыған байланысты сенатор саланы тұрақтандыру мен дамыту үшін кешенді шаралар қабылдауды ұсынды.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып Сізден келесі шараларды қабылдауыңызды сұраймыз: Нарықтық экономикаға сай барлық тараптардың құқығы қорғалып әділ бәсекелестік пен сапалы өнім алу мақсатында арнайы мақта саласын дамыту туралы заңын әзірлеу мәселесін қарастыру қажет деп есептейміз. Қазақстандық мақтаның сапасын жақсарту және оны әлемдік нарыққа шығару үшін мақта шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеу және енгізу қажет, оған жергілікті атқарушы органдар мен мақта өндірушілері тартылуы тиіс. Мақта шаруашылығы саласындағы дайын өнім шаруашылығы отандық кәсіпорындарды офтейк-контрактілермен қамтамасыз етуді қарастыру керек, - деді сенатор Мұрат Қадырбек.