«Қыздың көзі қызылда». Мағынасы қандай?

8 Наурыз 2019, 16:32
14535
Бөлісу:
«Қыздың көзі қызылда». Мағынасы қандай?

Бұл қалың көпшілік тарапынан қолданылып жүрген мақалдың бірі. Сөзімді бастан кешкен оқиғам бойынша дәлелдеп берсем...

Пойызда бала-шағаммен келе жаттым. Пойыз ішіндегі саудагерлер алтын жалатылған әшекей бұйымдарын сатып жүр екен. Саудагер әйелдің қолындағы әшекей бұйымдарын көрген екі жастағы қызым сол заттарға бірден жармаса кетті. Саудагер әйел болса: «Қыздың көзі қызылда» деген осы, қызыңыз алтын көріп, соған ұмтылып жатыр» деп қалжыңдады. Мен бұл мақалдың практика жүзінде қолданылғанын көріп, мағынасын түсінгендей болдым.

«Қыздың көзі қызылда» мақалының мәні мен құрамындағы сөздері жалпы түсінікті десе болады. Бір қарағанда мұнда «қыздың көзі қызылда, яғни қыз баласы қызыл түске, қызыл киімге, қызыл бұйымға жақын болады» дейтін мән бар сияқты. Алайда қызыл сөзінде басқа бір мән жатқандай, зерделей келе мұның «алтын» мағынасындағы сөз екенін байқадық. Сөзімізге бірнеше дәлел келтіруге болады. Бірінші, тілдік деректер:

«Алтын» мағынасындағы қызыл сөзі орта ғасыр жазба ескерткіштер тілінде көрінген. Мысалы, Хорезм дәуірі (XIII-XV ғғ.) ескерткіші Нехжүл Ферадис жазбасында «алтын» мағынасында қызыл-алтын қос сөзі қолданылған. Шағатай жазба ескерткіштерінен Шайбани хан сөздігінде қып-қызыл алтун тіркесі бар; Қорқыт ата кітабында қызыл сөзі «алтын» мәнінде жұмсалған.

Қазіргі түркі тілдерінен анадолы диалектілерінде kızıl және әзербайжан тілінде gızıl сөздері «алтын» мәнінде сақталған; түркмен тілінде ғызыл тұлғасы актив түрде қолданылады, тіпті біздің «Алтын көрсе періште жолдан таяр» мақалымыз бұл тілде «Ғызыл гөрсе қызыр йолдан азар» болып жұмсалуда; қарайым тілінде қызыл сөзі «алтын ақша» мәніне ие; якут тілінде қыһыл көмүс тіркесі болса «алтын» мағынасында. 

Ноғай ауыз әдебиетінің жанры «Қазақ жырларында» қызыл алтын тіркесі қолданылған:

Бұлан қуған қазаққа,
Алла берер қызыл алтын етеклеп.
Қызыл алтын Алла берген қазаққа,
Кімлер бермес еру қызын йетеклеп. 

Өлең шумағындағы қазақ сөзінің «қазақ» атауына қатысы жоқ. Қазақ сөзі бұл тілде «дала жауынгері, бостандық аңсаған дала кезуші» мәндеріне ие. Қызыл алтын сөз тіркесіндегі қызыл сөзі «алтын» мәнін күшейтіп тұр. 

Екінші, семантикалық дәлел:

Алтынның өзі қызыл түсті болғаннан, түс негізінде зат атауы пайда болды, яғни қызыл сипаты «алтын» мәніне ие болды. Түстің зат атауына ие болу құбылысы тілде бар. Мысалы, атты ала немесе кер деп те атайды. Сүт өнімдерін ақ, ағарған дейді. 

Осының бәрін жинақтай келе, Қыздың көзі қызылда мақалын «Қыздың көзі алтында» деп түсіндіріп бере аламыз. Расында, қыз баласы алтынға жақын болады және алтын да қызға жарасады. Ендеше қыздарымызға алтын тағып, бағалап жүрейік.

M. Narikbayev KAZGUU University-дің қазақ тілі оқытушысы, PhD Doctor Марлен Әділов
Өзгелердің жаңалығы