Маңызды іс-шарадан тыс қалмауымыз керек - Берік Уәли

23 Мамыр 2022, 14:34
1263
Бөлісу:
Маңызды іс-шарадан тыс қалмауымыз керек - Берік Уәли
Фото: Берік Уәлидің facebook парақшасынан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Конституциялық реформа – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси өзгерістер бағдарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды іс-шара.

Еліміздің даму бағытын айқындап, әділетті қоғам құруға бағытталған шешімді халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында «AMANAT» партиясы жанынан арнайы штаб құрылып, еліміздің барлық аймақтарында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осы орайда, бақ дарып, құт қонған киелі Әулиеата өңіріне ат басын бұрып, реформаның мән-маңызын түсіндірдік. Әуелі оңтүстіктегі іргелі оқу орындарының бірі саналатын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ұстаздар қауымы және студенттерімен кездестім. Болашақ қарымды қалам иелерімен болған жүздесуде Президентіміз ұсынған өзгерістер мен реформалардың іске асуына үлес қосу – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз екенін атап көрсеттім, - деп жазды Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол маңызды іс-шарадан тыс қалмау керектігін айтты.

Жаңа Қазақстанға бет бұрған еліміздегі саяси өзгерістерді аталған оқу орнының ұстаздары мен студенттері де қуаттап, қолдап отырғандары қуантты. Олар айтулы науқанда жауапкершілік пен белсенділік танытатындарын жеткізіп, ойларын ортаға салды. Расында, бұл терең өзгерістер - болашақ үшін жасалынып жатқан игі шара. Осыны жіті түсінген жастар 5 аусым күні жарқын болашақ үшін дауыс беретіндерін білдірді. Баршамыздың да мақсатымыз - осы. Ел үшін дауыс беріп, маңызды іс-шарадан тыс қалмауымыз керек, - деді «Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы