"Отбасы банкі" және Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске қосу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыс әкімдігі жастарға арналған ипотекалық бағдарламаның бастапқы кезеңін іске асыруға 500 миллион теңге бөледі. Әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жергілікті атқарушы орган қалыптастырады. Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін әкімдік қатысушылар пулын қалыптастырады.
Маңғыстау жастары" бағдарламасына қатысушыларға қойылатын талаптар мынадай: өтінім беру сәтінде қатысушының жасы 35 жастан аспауы тиіс, бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда жеке тұрғын үйі болмауы, соңғы 2 жыл ішінде Маңғыстау облысында тұрақты тіркеуінің болуы, соңғы 6 айда бір адамға шаққандағы табысы 150098 теңгеден аспауы керек, өңірде ресми түрде кемінде 1 жыл жұмыс істеуі керек. Тұрғын үй қатысушының тіркеу мекен-жайы бойынша сатып алынады. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады, - деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай.