Еркебұлан Иманғали ММА бойынша әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2-5 тамыз күндері Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде 12-13, 14-15 және 16-17 жас аралығындағы жаcөспірімдер арасында ММА-дан әлем чемпионаты өтіп жатыр.
Аталған жарыс тарихтағы ең ірі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты болды. Оған 46 елден 653 спортшы қатысып жатыр.
Қазақстан намысын 14-15 және 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер құрамасының 35 мүшесі қорғайды.
Екінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша 40 келіге дейінгі салмақта Маңғыстау облысының өкілі Еркебұлан Иманғали әлем чемпионы атанды. Финалда Қазақстан спортшысы ливандық спортшы Омар Антармен кездесті. Төрешілер бірауыздан жеңісті қазақстандық спортшыға берді, - делінген хабарламада.
Тағы бір жүлдегер - Түркістан облысының спортшысы Орынбасар Пердебек 44 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орынға ие болды. Қазақстандық спортшы Украина мен Болгария өкілдерін жеңіп, жартылай финалдық кездесуде әлем чемпионы атанған Польша өкілі Ксавер Мосингтен төрешілер шешімімен жеңіліп қалды.