Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 23 маусым Қазақстан полициясының 30 жылдық мерекесі қарсаңында маңғыстаулық полицейлер қызмет бабында қаза тапқан әріптестері Нұрболат Елеусіновті еске алды.
Елеусінов Нұрболат Қуанғалиұлы – Маңғыстау облысы ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасағында қызмет етіп, қызмет барысында 23 жасында қаза тапқан жас офицер.
Қызметтегі әріптестері алдымен Нұрболаттың ата-ана, жақындарымен бірге зират басына барып, құран бағыштады.
Одан бөлек, Нұрболаттың құрметіне ведомстваның “Намыс” демалыс орнында күш құрылымдары арасында еске алуға арналған спорт түрлерінен чемпионат өткізілді. Бұл чемпионат «шағын-футбол», «арқан тартыс» және «қол күресі» секілді кезеңдерден тұрды.
Іс-шараның ашылу салтанатында ПД бастығының орынбасары Қандарбек Бахтыгереев, Ішкі істер органдарының ардагері запастағы полковник Мұхсин Дүйсенғалиев және Нұрболаттың анасы Айжан Гайсиевна сөз сөйледі.
Баламызды ұмытпай, осылай еске алып үлкен іс-шара ұйымдастырып жатқан Полиция департаменті басшылығы мен Нұрболатпен бірге жұмыстас болған әріптестеріне шексіз алғысымызды білдіреміз. Қызметтеріңіз өте ауыр әрі қиын, тек аман болып, еңбекте жемісті болыңыздар,- деді алғысы мен тілегін жеткізген Нұрболаттың аяулы анасы.
Көптің тамашалауымен тартысты ойын өтіп, әр ойынның жеңімпаздары анықталды. Шағын-футбол ашық турнирінде Нұрболаттың достарының командасы бірінші орынды, інілері - екінші орынды және Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің арнайы мақсаттағы жасағы үшінші орынды иеленді. Жүлделі орындардан бөлек, қатысушылар “Үздік қорғаушы”, “Үздік қақпашы” және “Үздік шабуылшы” номинацияларымен де марапатталды. “Қол күресінен” бірінші орынды ПД ЖҚАЖ инспекторы Н.Тұрланбаев иеленсе, “Арқан тартыста” ПД ЖҚАЖ командасы алға шықты.
Барлық жеңімпазрға Нұрболаттың суретімен дайындалған арнайы грамоталар, медаль, кубок және сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, батырдың анасына да сый-құрмет көрсетіліп, ПД бастығының атынан алғыс хат пен сыйлықтар табыс етілді.