Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстау өңірінің тұрғындарына екпе егу бойынша жылжымалы диагностикалық медициналық кешен қызмет көрсетіп жатыр.
Жылжымалы кешен 9 шілдеден бастап қызмет көрсетуге шыққан.
Қарақия аудандық ауруханасының дәрігері Гүлжан Ізбасова жылжымалы диагностикалық медициналық кешенге вакцина алуға күніне 100 адам келетінін айтты.
Сағат таңертеңгі 10:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейміз. Келушілер тарапынан вакцинаның тиімділігі мен жанама әсер тудыру, тудырмауына қатысты сұрақтар көп туындайды. Көбі Спутник V вакцинасын таңдайды. Тұрғындар жеке куәлігімен жылжымалы кешенге келуі керек. Дәрігерлер олардың сатурациясы мен қан қысымын, тыныс алуын тексереді. Егер де ешқандай қарама-қайшылық болмаса, қалаған вакцинасын егеміз, - деді ол.Медицина саласында 12-ші жыл қызмет етіп келе жатқан дәрігер Ізбасова жылжымалы кешенде медбикелер де бар екенін айтты.
Қазір індеттен құтылудың бірден бір жолы – вакцина алу. Сондықтан барлығын вакцина алуға шақырамын, - дейді Ізбасова.
Жылжымалы кешенге вакцина алуға келген қала тұрғыны Аят Ибайдулла Спутник V вакцинасын алғанын айтты.
Өзім және отбасымның денсаулығы үшін өз еркіммен вакцина алдым. Қоршаған ортаға зиян тигізбеу үшін осындай шешім қабылдадым. Вакцина алмаған адамдар айналасына кесірін тигізуі әбден мүмкін. Бұл - менің саналы шешімім, - деді қала тұрғыны.
Айта кетейік, облысқа барлығы 221 250 доза вакцина жеткізілген, оның ішінде: ресейлік Sputnik V: I компонент – 96 150 доза, II компонент – 66 600 доза; QazVac – 7 000 доза; Hayat-Vax – 31 500 доза, CoronaVac – 20 000.
Қазір облыс бойынша бірінші компонентпен 78 135 адам, екінші компонентімен 40 631 адам егілді.