Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Олжа Агро» ЖШС арасында мал азығын тегін жеткізу бойынша меморандумға қол қойылды, деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Маңғыстау облысында қуаңшылықтан қиналған шаруаларға көмек беру шаралары жалғасуда. Облыс әкімдігімен келісім аясында «Олжа Агро» ЖШС Маңғыстау облысына құрғақшылықтан зардап шеккен мал иелеріне көмек ретінде жалпы құны 32 миллион теңге болатын 250 тонна шөп және 180 тонна жем жеткізеді.
Сонымен қатар меморандум аясында «Олжа Агро» ЖШС өңірге мал азығын нарықтағыдан төмен бағамен жеткізетін болады.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тұрғындар арасында жем-шөпті жеткізу мен бөлудің ашық тетігін ұйымдастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Бұл жұмысқа жергілікті атқарушы органның атынан облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов жауапты болып, меморандумға қол қойды. «Олжа Агро» ЖШС тарапынан компанияның бас директоры Айдарбек Ходжаназаров қол қойды.