Маңғыстаудың Сарша ауылына газ беріледі

30 Қазан 2022, 08:38
1186
Бөлісу:
Маңғыстаудың Сарша ауылына газ беріледі

Маңғыстау облысында орналасқан Сарша ауылына көгілдір отын барады. Сондай-ақ Ақтаудың іргесіндегі «Жылы жағажайға» газ тартылады. Қос жоба келер жылдың ортасына дейін жүзеге асуы тиіс, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Аталған аумақты қысқа мерзімде газдандыруды Мемлекет басшысының өзі тапсырған болатын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Маңғыстауға келген сапарында Сарша аумағынан «жылы жағажайға» дейін газ тартуды тапсырды. Содан бері 7 шақырым құбыр төселді. Құрылыс-монтаждауы кідіріссіз жалғасуда. Осы жоба аясында Қарақия ауданы орталығы Құрық ауылы, өндірістік және демалыс нысандар көгілдір отынмен қамтылады. Бұл өз кезегінде өңір әлеуетін арттырып, туризмнің дамуына тың серпін бермек.

Туризм саласында инженерлік және инфрақұрылымдық жобалар іске асырылса, нәтижесінде ол бізге туристер ағынының өсуіне мүмкіндік береді. Жаңа жұмыс орындарын құрады. Экономиканың басқа да аралас салаларын дамытуға да серпін береді, - дейді облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жайнаш Станбекова.

Саршаға газ жеткізу биыл тамыз айында басталды. Құрылыс алаңына 9 мың 170 метр пластик құбырлар жеткізіліп, 11 мың 500 метр жерасты қазу жұмыстары жасалды. Жобаға «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы тапсырыс берген. Бас мердігері «Қағам» серіктестігі.

Жоғары қысымды газ құбырын тарту қарқынды жүріп жатыр. «QazaqGaz» ұлттық компаниясы қолға алған инвестжоба, бұл. Құрылысқа 100-ден астам жұмысшы тартылды. Ел Президенті мен ұлттық компания басшылығына бізге сенім артқаны үшін алғыс білдіреміз. Бұған дейін аймақтарда ірі нысандарды газдандыру бойынша жобаларды сәтті жүзеге асырдық, - дейді «Қағам» ЖШС Бас директоры Дмитрий Денисов. 

Осылайша «Маңғыстау облысының газ тасымалдау жүйесін қайта құру» жобасы сәтті жүзеге асып жатыр. Сарша елді мекені мен «жылы жағажай» курорт аймағын көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары 2023 жылдың сәуірінде аяқталуы тиіс.

Өзгелердің жаңалығы