Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Маңғыстаудағы жол апаты: 10 адамның өліміне себеп болған жүргізуші қамалды

7 Қазан 2025, 12:03
916
Бөлісу:

Маңғыстау облысында 10 адамның өмірін қиған жол апатына себепкер болған жүргізуші ауруханадан шыққан соң қамауға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Медициналық қызметкерлердің мәліметінше, Жаңаөзен қалалық ауруханасынан жарақат алған үш адам жазылып шыққан. Олардың екеуі санавиация арқылы алдымен Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізіліп, кейін Астанаға әрі қарай емделуге жіберілді.

Ал үшінші зардап шегуші – жол апатына түскен көлік жүргізушісі. Ол хирургиялық отадан кейін ауруханадан шыққан сәтте тергеу изоляторының қызметкерлері тарапынан ұсталды.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ер адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы («Жол қозғалысы ережелерін бұзу, адам өліміне әкеп соғу») бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жалғасып жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Еске сала кетсек, жол апаты 11 қыркүйекте Бекет-ата – Шопан-ата бағытындағы тас жолда болған еді. Оқиға салдарынан 10 адам қаза тапты – олардың барлығы да Қазақстанның әр өңірінен қасиетті Бекет-ата жерасты мешітіне бет алған қажылар болған. Бұл қайғылы оқиға соңғы жылдары Маңғыстау облысындағы ең ауыр жол-көлік оқиғаларының бірі болып отыр.

Еске сала кетейік, шағын автобус жол жиегіне шығып кетіп, аударылған. Оқиға орнында сегіз адам қаза тапты, тағы екеуі ауруханаға барар жолда көз жұмды.

Өзгелердің жаңалығы