Маңғыстаудағы сарбаз өлімі: Шекара заставасының бастығы 2 жылға сотталды

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады.

 istockphoto.com Бүгiн 2026, 08:32
Бүгiн 2026, 08:32
109
Фото: istockphoto.com

Маңғыстау облысында сарбаздың қаза болуына байланысты «Үстірт» шекара заставасының бастығы 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол жәбірленуші тарапқа 10 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқиға 2025 жылдың қазан айында Қарақия ауданындағы шекара бекетінде болған. Тергеу мәліметінше, застава бастығы дизель агрегатының істен шыққанын біле тұра, қауіпсіздік талаптарын түсіндірмей, екі сарбазға оны тазалауды тапсырған.

Жұмыс барысында сарбаздардың бірі жанармай қоймасына кіріп, цистернаға көтерілген кезде бензин буына уланып, есінен танған. Ол шамамен 20 минут ес-түссіз жатқан. Кейін әріптестері алғашқы көмек көрсеткенімен, сарбаз есін жимастан көз жұмды.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Сот оны қызметке салғырт қарады деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айырды.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Бұған дейін биыл 27 қаңтарда сарбаз Е.Рустемұлының қаза болу себептерінің бірі болған Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлім рота командирінің қызметке салғырт қарауы бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталғанын жазғанбыз.

Наверх