Маңғыстаудағы сарбаз өлімі: прокурор айыпталушыны 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Бөлісу:
Маңғыстаудағы сарбаз өлімі: прокурор айыпталушыны 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Фото: автордан

Елордада Ақтаудағы "Оймаша"  полигонында оқ тиіп көз жұмған сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты сот процесі жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери  сотында "Батыс" өңірлік қолбасшылығы 25744 әскери бөлімінің лейтенанты Дамир Досов мерзімді сарбаз Марат Барқұловты атып өлтірді деп айыпталуда. 

Процесс басталысымен айыпталушының адвокаттары марқұм сарбаздың әкесі Ербол Кунтиновты жәбірленушілер қатарынан алып тастауды сұрады. Себебі оның қайтыс болған сарбаздың анасымен заңды некеде болмағаны анықталған. Тараптардың уәждерін тыңдай келе сот азамат Кунтиновты жәбірленуші және азаматтық талапкер ретінде тануды тоқтату туралы қаулы шығарды.

Содан кейін тараптар жарыссөзге көшті. Іс бойынша тағайындалған мемлекеттік айыптаушы тергеудің әділ жүргізіліп, істің барлық мән-жайы анықталғанын айтты. Оның сөзінше күдіктінің айыбы толығымен дәлелденген. Осыны ескере отырып прокурор соттан Дамир Досовты қылмыстық кодекстің 99 бабы 1 бөлігімен 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Прокурордан кейін сөз алған жәбірленушінің қорғаушысы судьядан істі 99 баптың 2 бөлігімен қарап, айыпталушыны 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Оның сөзінше, Досовтың Барқұловты қасақана өлтіруге ниеттенгені тергеу барысында дәлелденген. 

Ал лейтенант Досовтың адвокаттары оның марқұм сарбазды өлтіруге ойы болмағанын, қайғылы оқиға кезінде оқ абайсызда атылғанын алға тартты. Олар тергеу барысында бұған көптеген дәлелдер бар екенін айтты. Сол себептен қорғаушылар бұл істі қарауды қылмыстық кодекстің 462 бабы 2 бөлігіне ауыстыруды сұрады.

Сот әлі жалғасып жатыр. 

Сарбаз Марат Барқұлов 2024 жылдың 7 қыркүйегінде "Батыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты "Оймаша" әскери полигонында қаза тапқан еді. Тергеу барысында анықталғаны - әскери полигонда кезекшілікке түскен лейтенант Дамир Досов "Макаров"  маркалы тапанша мен 16 оқ алып, сарбаздар жатқан палаткаға қарай барған. Кейін онда демалып отырған солдаттарға қарай қаруды кезеніп, атып жіберген. Оқ Марат Барқұловтың басына тиіп, ол ауруханаға жетпей жан тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы