Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Маңғыстаудағы этномәдени бірлестік – Қазақстандағы жаңа мәдени көпір

30 Сәуір 2025, 10:23
756
Бөлісу:
 Хитеш Чандра Вадодарияның жеке мұрағатынан
VIDEO
Фото: Хитеш Чандра Вадодарияның жеке мұрағатынан

Елдегі бірден бір үнді мәдени бірлестігі Каспийдің жағасындағы қалада ресми тіркелгені туралы хабарыңыз бар ма? Қоғамдық ұйым осымен төртінші жыл қатарынан өңір жұртшылығына Үндістанның мәдениеті мен өркениетін, әдебиетін, сондай-ақ салт-дәстүрін де дәріптеп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аталған бірлестікті 2021 жылы Хитеш Чандра Вадодария есімді үнді азаматы құрған. Көлік логистика саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ол Ақтауға Алматы қаласынан қоныс аударған.

Маңғыстауда үйленіп, қазір жұбайы Надеждамен бірге үйелмелі-сүйелмелі үш қызды тәрбиелеп отырған бақытты әке.

Қызметінен қолы бос уақытта қоғамдық жұмыстарға белсене араласа бастайды. "Қоғамдық келісім" мемлекеттік мекемесі ұжымының ұсынысын қабыл алып, өңірлік Ассамблея ғимаратында үнді мәдени бірлестігінің танымдық кабинеті ашылуын қолға алады. Оған өзі туып-өскен Үндістандағы байырғы мәдениетінен сыр шертетін жүздеген көне жәдігерлерді қойған. Бүгінде бұл кабинет туристердің, аймақ тұрғындары күнделікті экскурсия жасайтын көрнекті орынға айналды.

Расында да, Ақтаудағы Ассамблея ғимаратындағы шағын кабинетте кірсеңіз, құдды бір Үнді елінде жүргендей әсерде қаласыз. Мұнда үнді халқының ұлттық киімдері, әдебиеті, тұрмыстық бұйымдары қойылған. Үндістанның көпшілікке кинофильмдер арқылы көпшілікке танымал болған музыкалық аспаптары арнайы экспозиялық бұрышта алыстан көз тартады.

Қазіргі уақытта осы экспозициялық бұрышта оннан астам музыкалық аспап бар. "Мридангамды", яғни барабанды үнді халқы қасиетті деп санайды. Сондай-ақ қазақтың қоңыр үнді домбырасына ұқсайтын тағы бір аспапты біз "Ситар" деп атаймыз. Бұл кабинетте тұрған заттардың барлығын да әр кез Үндістанға барған сапарымда алып келдім. Бұл аспаптарға қатысты әуежайда тексерістен өту, ұшақ бортына кіру кезінде талай қызықты оқиғалар болған, - деп есіне алды Хитеш Чандра Вадодария.

Хитеш Чандра Вадодария Үндістанның Джамшетпур деген қаласында дүииеге келді. Қазақ жеріне алғаш 2003 жылы жұмыс бабымен келген екен. Көлікпен жүк тасымалы саласында қажырлы еңбегімен мол тәжірибе жиған ол қазір де сүйікті кәсібінен қол үзген емес.

Сәлем Намасте» атты этно-мәдени бірлестікке бүгінде жиырмадан астам адам мүше. Олардың арасында қазақ, орыс, украин, кәріс тағы басқа да ұлттардың өкілі бар. Ақтауда үнді мәдени бірлестігінің құрылғанына биыл төрт жыл толады. Соған орай ауқымды іс-шараларды өткізу жоспарланған. Қазір дайындық шаралары қызу жалғасып жатыр, - дейді ол.

Хитеш Чандра Вадодария Ақтаудағы "Қоғамдық келісім" мемлекеттік мекемесінде бір үйдің баласындай ұйысқан өзге де ұлт өкілдері секілді қайырымдылық шаралардан қалыс қалған емес. Бүгінде ол құрған "Сәлем Намасте" үндістандық этно-мәдени бірлестігі" қоғамдық бірлестігіне оның жұбайы Надежда Вадодария жетекшілік етеді.

Ұлты басқа болғанымен, тілегі бір ерлі-зайыптылар облыс көлемінде өтіп жатқан ізгі шараларға меценат ретінде қатысып келеді. Мәселен, олар аз қамтылған жанұялардан шыққан жеткіншектерді, отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілерін оқу құралдары, киім-кешек, басқа да қажетті бұйымдармен жабдықтап жүр.

Биыл менің Маңғыстауда тұрып жатқаныма 22 жылдан асты. Киелі жерге алғаш 2003 жылдары келгенімде жергілікті тұрғындар құшақ жая қарсы алып, қолынан келген көмегін аямады. Соның нәтижесінде, кәсібім өрге басты. Өзіме көрсетілген қамқорлықты ешқашан ұмытпаймын. Бүгінде сол ізгілікті отбасым, бірлестік мүшелерімен бірлесе жалғастырып келемін. Өскелең ұрпаққа жақсылық жасау баршамызға парыз деп түсінемін, - дейді үнді азаматы.

Маңғыстау облысында алпыстан астам үндістандық тұрады. Бір қызығы, қазақ және үнді әдебиеті мен мәдениетінің ұқсастығы көп. Мәселен, "Махаббат", "Дос" деген сөздердің айтылуы бір-біріне өте ұқсас келеді.

Үнді халқының тарихы терең салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын отандастарымызға дәріптеп жүрген Хитеш Чандра Вадодария 130-дан астам ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына жиған қазақ мемлекетіндегі бейбіт өмірді әлемге үлгі санайды.

Өзгелердің жаңалығы