Маңғыстау облысы экология департаменті мамандары Каспий теңізі жағалауында аққулардың қырылуына қатысты тараған ақпаратқа байланысты теңіз суынан сынама алып, зерттеу жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Өлген құстар жөніндегі шағымдар Сайын Шапағатов ауылы мен Ақтау аумақтарынан түскен. Осыған байланысты тексеру аталған елді мекендерде ұйымдастырылды.
10 ақпанда Сайын Шапағатов ауылы маңында теңіз суынан сынама алынды. Ал 11 ақпанда Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ресми хаты негізінде Ақтау жағалауында қосымша зерттеу жүргізілді. Атап айтқанда, 4А және 14-шағын аудандарда, сондай-ақ «Приморский» жағажайы аумағында сынамалар іріктелді.
Зертханалық талдау нәтижелері бойынша теңіз суынан ластаушы заттар анықталған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Сайын Шапағатов ауылы жағалауында және Ақтаудағы бірқатар жағажай аймақтарында өлген аққулар мен үйректер табылған еді. Облыстық инспекция бұл жағдай жаппай сипатқа ие емес екенін мәлімдеп, өңірде қазіргі уақытта шамамен 25 мыңға жуық құс қыстап жатқанын нақтылады.