Маңғыстауда жасыл технологияларды қолдауға бағытталған семинар өтті

24 Қыркүйек 2022, 14:35
1420
Бөлісу:
Маңғыстауда жасыл технологияларды қолдауға бағытталған семинар өтті

Ақтауда «Жасыл кеңсе» республикалық байқауына қатысу және жобаны жүзеге асыру мәселелері бойынша семинар өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шараны Маңғыстау облысы әкімдігі мен Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің қолдауымен «Жасыл экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы ұйымдастырды.

Семинарға мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар, жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Онда экобелсенділер Айгүл Мұханова мен Дина Нұржанова «Саналы тұтыну» тақырыбында баяндама жасады.

«Жасыл кеңсе» байқауының мақсаты – экологиялық өмір салтын, қоғамдық ғимараттардың экологиялық тазалығын, жайлылығын және эргономикасын жақсарту үшін «жасыл» және төмен көміртекті технологияларды насихаттау, озық тәжірибелер мен озық технологиялық шешімдерді тарату, экологиялық жауапты ұйымдарды брендке айналдыру.

Қазақстандағы ең үздік жасыл кеңселерді анықтауға бағытталған байқау биыл 6 мамыр мен 26 қыркүйек аралығында 8 номинация бойынша өтеді.

Байқауға қатысу шарттары greenoffice-kaz.org сайтында орналастырылған.

Сондай-ақ Маңғыстау облысында 21-23 қыркүйек аралығында Қазақстанның экологиялық қоры ағаш отырғызу бойынша Green challenge республикалық іс-шарасын өткізді.

Биыл Жеңіс күні қарсаңында Астанадағы №43 мектебінің алаңында басталған экошара эстафетасы Маңғыстау облысына берілді. Нәтижесінде, Қарақия ауданы Құрық ауылындағы №1, №6 және №11 білім ордасының аумағында ағаштар отырғызылды.

Бұл челленджге Қарақия ауданы әкімдігі мен білім басқармасы, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, экологтар, мектеп ұжымы, ардагер ұстаздар, оқушылар мен жастар қатысты.

Экошара «Жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» грант жобасы аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен өтті.

Өзгелердің жаңалығы