Маңғыстауда жалғыз әйел әкім бар

7 Наурыз 2023, 15:04
2601
Бөлісу:
Маңғыстауда жалғыз әйел әкім бар
Фото: Лаура Рыспаеваның жеке мұрағатынан

Қазақилығы қатаң шағын ауылда әйел адамға әкім болу оңай емес. Шаруа қожалықтары мен қарапайым ауыл тұрғындарының мәселелерін шешу, ауыл шаруашылығын түсіну өз алдына. Бірақ Шебір ауылының әкімі Лаура Рыспаева 3 жыл бойы бұл жұмысты қалтқысыз орындап келеді, деп жазады  Маңғыстаудағы BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде Маңғыстау облысының бес ауданында 57 ауылдық округ бар. Соның ішінде тек Маңғыстау ауданында орналасқан Шебір ауылдық округін әйел әкім басқарады. Лаура Рыспаева -  жанкештілік пен нәтижелі жұмыстың жарқын үлгісі. 

Өзі осы ауылдың  тумасы. Жоғары оқу орнын бітірген соң, туған ауылына оралған. Еңбек жолын алдымен Тұщықұдық село әкімі аппаратында, одан соң Шебір ауылы әкімінің аппаратында қарапайым маман ретінде бастап, қызмет сатысымен өрлеген. Уақыт өте Лаура Шебір ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы болып, ал 2020 жылдың сәуір айында Шебір ауылдық округі әкімі қызметіне тағайындалған.

Мемлекеттік қызмет әйел адам үшін ауыртпалығы мол сала деуге болады. Десек те жауапкершілігі зор лауазымды атқарып отырған соң өзіме артылған сенімді ақтауға тырысамын. Сондықтан да, ауыл мен елдің жайын бақылауда ұстап, тұрғындармен жиі кездесемін. Өзім осы жерде туып, өскеннен кейін ауыл азаматтарымен бірлесіп, кеңесіп, қызмет етіп жатырмын, - дейді Лаура Рыспаева.

Тұрғындардың айтуынша, Лаура әкім болған үш жылға жуық уақыт ішінде бірқатар мәселелер оң шешімін тапқан. Мектеп, балабақша және амбулатория жөндеуден өткен. Осы жылдың соңында мәдениет үйін жөндеу жұмыстары жоспарлануда, қазір жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Сондай-ақ, ауылішілік жолдарға 3,8 шақырым асфальт төселген. Биыл тағы 1,8 шақырым жол төсеу жоспарланған. Ауылдық округ тұрғындарында сапалы 3G және 4G интернет бар.

Лаура Рыспаева басқаратын Шебір ауылына биыл 50 жыл толады. Аудан орталығы-Шетпе ауылынан солтүстікке қарай 73 шақырым жерде, Қызылқұм құмды алқабынан шығысқа қарай шөлді белдеуде орналасқан ауылда бүгінде 1352 адам тұрады. Мұнда ауылдан шыққан жастар «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша, туған өлкесіне қайта оралып,  жұмыс істейді.

Биыл ауыл әкімі Лаура Рыспаева жалпы абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, округ ауылдарындағы жолдарды ағымдағы жөндеу жұмыстарын жалғастыруды көздеп отыр. Жалғызілікті қарттарға, мүгедектерге, көп балалы отбасыларға және басқаларға көмек көрсету бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы