Маңғыстауда ауыл мектебінің екі оқушысы жабайы жануармен байланыстан кейін жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 21 қараша күні Бейнеу аудандық ауруханасының жарақат пунктіне 2011 және 2018 жылы туған балалар аяқтарындағы тырналған жаралармен жүгінген.
Дәрігерлер жараларды хирургиялық жолмен өңдеп, қажетті екпелерді жасады. Балалардың жағдайы қанағаттанарлық, олар амбулаториялық бақылауда.
ECOJER қауымдастығының өңірлік экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов түсіндіргендей, суреттерде көрінгені – кәдімгі жабайы аң түлкі болуы мүмкін.
Ол жабайы жануарлармен байланыс құтыру қаупін тудыратынын ескертіп, қандай да бір тістеу немесе тырналу жағдайында дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырды.