Маңғыстау облысындағы Боранқұл теміржол станциясында әскери техника тиелген жүк пойызы байқалды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада артиллериялық қондырғылар мен реактивті жүйелер көрінеді. Қорғаныс министрлігі техниканың қозғалысы жоспарлы оқу-жаттығуларға байланысты екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Желіде тараған бейнежазбада теміржол платформаларына шынжыр табанды өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылар тиелгені көрінеді. Сыртқы белгілеріне қарағанда, олар 2С1 «Гвоздика» артиллериялық қондырғыларына ұқсайды.
Сонымен қатар әскери жүк көліктеріне орнатылған БМ-21 «Град» реактивті залптық от жүйелері де байқалады.
Бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқыланды
Бейнеролик әлеуметтік желілердегі пабликтерде тез таралып, өңір тұрғындарының арасында түрлі сұрақтар туғызды. Кейбір қолданушылар техниканың келуін алдағы референдуммен байланыстыра бастады.
Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді
Қазақстанның Қорғаныс министрлігі әскери техниканың қозғалысы жоспарлы түрде жүзеге асып жатқанын мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, техника жауынгерлік дайындық шаралары аясында орын ауыстыруда.
Министрлік мәліметінше, әскери техника Маңғыстау облысындағы полигондардың біріне артиллериялық бөлімшелердің оқу-жаттығу сабақтарын өткізу үшін жеткізіліп жатыр.