Маңғыстау облысы "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында эко-акцияларды белсенді түрде өткізуді жалғастыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде студенттердің қатысуымен кездесу өтті.
![Маңғыстауда "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясындағы іс-шаралар жалғасуда](/userfiles/images/WhatsApp%20Image%202025-02-12%20at%2015_54_47.jpeg)
Кездесуге өңірге белгілі экологтар К.Осин, А.Козыбаков, аталмыш университеттің 120-дан астам студенті, ауыл әкімдері мен қала және аудандардың тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшылары қатысты. Шара барысында өңірдегі негізгі экологиялық сын-қатерлер, оларды шешу жолдары және табиғатты қорғауға жеке үлестің маңыздылығы туралы сөз қозғалды.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың назарын қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аудару, экологиялық мәдениетті дамыту, өңірдің табиғи байлығын сақтауға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу, экологияның ағымдағы жағдайы туралы хабардар ету және оларды қоршаған ортаны қорғау бойынша практикалық қызметке тарту.
"Маңғыстау табиғаты" ҚБ төрағасы Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, "Таза Қазақстан" бағдарламасы халық арасында экологиялық мәдениетті дамытуда үлкен рөл атқарады.
Бүгін біз жастардың экологиялық шараларға қатысуы тек аумақтарды тазарту емес, табиғатымыздың болашағына саналы үлес қосу екенін көріп отырмыз. Әрбіріміз қоршаған ортаны сақтау сияқты үлкен істің бір бөлігі бола аламыз. Баршаңызды қала аумағындағы кез келген экологиялық шараларға қатысуға шақырамыз. Сіздің белсенділігіңіз – таза әрі экологиялық қауіпсіз Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам, - деді ол.
Сонымен қатар, кездесуден кейін студенттер университеттегі қалдықтарды өңдеу цехына экскурсия жасап, жұмыстарымен танысты. Өткізілген экскурсияға қатысты "Пакетная фабрика" ЖШС жетекшісі Мамед Афандиев пікірін білдірді.
Жастар – еліміздің болашағы және экологиялық мәселелерді шешу міндеті дәл соларға жүктеледі. Мұндай кездесулер тек экологиялық сауаттылықты арттырып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға деген жеке жауапкершілікті тәрбиелеуге де ықпал етеді. Аталған шара көптеген жастарды өңірдегі экологиялық бастамаларға белсенді түрде қатысуға ынталандыратын бастама болады деп үміттенеміз. Бірлескен күш-жігерімізбен Маңғыстауды одан әрі таза және экологиялық қауіпсіз аймаққа айналдыра аламыз, - дейді Мамед Афандиев.
Сондай-ақ, экскурсиядан кейін студенттер университет аумағындағы жылыжайға барып Жапон софорасы ағашының тұқымын отырғызды.
Жапон софорасы (Sophora japonica L.) – дәрілік құнды өсімдік, жемісі қабынуға қарсы және жараны жазатын әсерге ие. Табиғатта биіктігі 25 метрге дейін жететін ағаш. Қазіргі кезде Маңғыстау жерінде сынақтан сәтті өтіп, кең ауқымда көгалдандыруға қолданылып жүр.
![Маңғыстауда "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясындағы іс-шаралар жалғасуда](/userfiles/images/WhatsApp%20Image%202025-02-12%20at%2015_54_49%20(1).jpeg)
Сондай-ақ, студенттер кездесуден алған әсерлерімен бөлісті.
Өңірдегі экологияны жақсарту үшін не жасай алатынымызды білу біз үшін өте пайдалы болды. Мұндай кездесулер мен акциялар бізді әрекет етуге және айналамыздағы табиғатты қорғауға шабыттандырады, - деді шараға қатысқан студенттердің бірі.
Акция аясындағы іс-шаралар жылы әрі продуктивті атмосферада өтіп, жастардың экологиялық жауапкершілікке деген ұмтылысын нығайтты.