Маңғыстауда шағын ауылдарда тас жол төселеді

10 Наурыз 2023, 10:39
1111
Бөлісу:
Маңғыстауда шағын ауылдарда тас жол төселеді
PHOTO
Фото: Облыс әкімдігі

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданына қарасты Дәулет және Баянды ауылдарында соңғы жылдары халық саны күрт өсіп барды. Дәулет ауылдық округінде 11 мыңға жуық адам тұрады. 1 мектеп, 3 балабақша, денсаулық сақтау пункті бар, деп жазады Мағыстаудағы BAQ.KZ тілшісі.

Дәулет ауылдық округінің әкімі Жанболат Жақаевтың айтуынша, ауылда 45 шақырым жол болса, оның 11 шақырымына асфальт төселген.  Былтыр Дәулет ауылының кварталдарына және Жаңа Дәулет тұрғын үй массивінің кейбір көшелеріне тас аралас құм төсеу жұмыстары жүргізіліп, барлығы бір шақырымнан аса жол тегістелді.

Маңғыстауда шағын ауылдарда тас жол төселеді

Жалпы Мұнайлыда аудандық маңыздағы 91 шақырым автомобиль жолына 100% асфальт төселген. Биыл да жол жөндеу жұмыстары жалғасады. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 1 миллиард 282 миллион теңгеге жалпы ұзындығы 59 шақырым тас жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.  Атап айтқанда, Баянды ауылында - 3,5 шақырым, Қызылтөбе ауылдық округінде - 12 шақырым, Басқұдық ауылдық округінде - 6 шақырым, Маңғыстау ауылында - 19 шақырым, Батыр ауылдық округінде - 15 шақырым және Дәулет ауылдық округінде - 4 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесуге келген ауыл тұрғындары медициналық құрал-жабдықтар мен дәрігерлердің жетіспеушілігі, ауыз сумен қамтамасыз ету, қаңғыбас иттерді аулау мәселелерін көтерді. Сондай-ақ ауыл тұрғындары қоғамдық көлікті жаңартуды сұрады.

Маңғыстауда шағын ауылдарда тас жол төселеді

Қазіргі таңда Мұнайлы ауданында 6 бағытта қоғамдық көлік тұрақты қатынайды.  2022 жылы Ақтау-Басқұдық-Маңғыстау бағыты бойынша жүретін №105 маршруты заманауи, кондиционері бар, Wi-fi және бейнекамерамен жабдықталған 12 жаңа автобуспен толықты. Биыл Мұнайлы ауданына тағы 22 автобус беріледі.  Осылайша, аудандаралық «Ақтау-Батыр 2-Ақтау», Мұнайлы ауданішілік «Маңғыстау-Батыр-Маңғыстау» және «Маңғыстау - Баянды- Маңғыстау» бағыттарына автобус шығару жоспарлануда.

8 мыңнан астам халқы бар Баянды ауылының жолдары 97 пайыз асфальтталған.  Биыл «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 79 млн теңгеге 3 шақырым жол салынады.

Маңғыстауда шағын ауылдарда тас жол төселеді


Ауыл тұрғындары су, инженерлік желілер мен заманауи аялдаманың сапасын жақсартуды, жолаушылар тасымалын арттыруды сұрады.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев мемлекет қолдауымен жолаушылар тасымалын жақсартуға басымдық берілгенін атап өтті.

 Жолаушылар тасымалы, қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі.  Елді мекендік, ауданаралық жолаушылар тасымалын ұйымдастыруға көңіл бөлініп жатыр. Енді мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс орталықтары мен қалалар арасында жолаушылар тасымалы үшін автобустарға 0,01 пайызбен жеңілдетілген несие берілуде. 2022 жылы 28 жаңа автобус алынса, биыл «Каспий» ӘКК-мен бірге метанмен жүретін 120 автобус сатып алынады. Сондай-ақ мобильді қосымша арқылы қоғамдық көліктердің дер кезінде жүруін бақылауды ұйымдастыру жолға қойылды, - деді Нұрлан Ноғаев.

Өзгелердің жаңалығы