Маңғыстауда еңбек даулары жиі болады – Тоқаев

7 Қараша 2022, 13:21
839
Бөлісу:
Маңғыстауда еңбек даулары жиі болады – Тоқаев

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына сапары барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Маңғыстауда еңбек даулары жиі болып жататыны жасырын емес. Мен бұл жағдайдан толық хабардармын. Еңбек даулары қатаң түрде заң аясында шешілуге тиіс. Осы маңызды жұмысқа тәуелсіз кәсіподақтар белсене атсалысуы қажет, - деді ол.

Президент мықты азаматтық қоғам қалыптастыру маңызды екенін айтты.

Өңірде бұл сала барынша қарқынды дамып келеді. Өте дұрыс, мен мұны қолдаймын. Мықты азаматтық қоғам қалыптастыра алсақ, бұдан ешкім ұтылмайтыны анық. Адам құқығын, оның ішінде еңбек адамының құқығын қорғау әрдайым басты назарда болуға тиіс, - деді Президент.

Еңбек даулары – жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы мәселе.

Еңбек дауларын көшеде, алаңда емес, келіссөз үстелінің басында шешу – жалғыз ғана жол. Маңғыстауда осындай жағдайлар сындарлы диалог арқылы шешіле бастағаны құптарлық жайт. Жалпы, еңбек даулары – жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы мәселе. Оны тараптардың мүмкіндігін және мүддесін мұқият ескере отырып, ортақ мәміле арқылы шешу – негізгі міндет, - деді ол.

Президент Қарағанды облысындағы шахтада жарылыстан қаза болған жұмысшылардың отбасына көңіл айтты.

Осы орайда, тағы бір маңызды мәселе – еңбек қауіпсіздігі. Өткен аптада Қарағанды облысындағы шахтада жарылыс болып, 5 адам қаза тапты. Бірнеше адам жараланды. Мен марқұмдардың жақындарына көңіл айтамын. Олардың отбасыларына тиісті көмек көрсету туралы тапсырма бердім. Жарақат алған азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеймін, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай қайғылы жағдай қайталанбауы үшін барлық қажет шараны қабылдау керек екенін айтты.

Өкінішке қарай, «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында апаттар жиілеп, қайталана беретін жағдайға жетті. Бұл – биыл адам өліміне алып келген екінші қайғылы оқиға. 2006 жылдан бері металлургия комбинатында 20-дан астам апат болып, 100-ден аса азамат қаза тапты. Мемлекеттік органдар тарапынан бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, жағдай жақсармай отыр. Осыған орай жедел түрде қатаң шаралар қабылдауға тура келеді. Мен бұл жөнінде жуырда Қарағандыда сөйлеген сөзімде ескерттім. Кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізу керек. Соның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының сақталуына мән берілуге тиіс. Комбинаттың иесі техникалық жағдайды жақсартуға және жаңғыртуға жеткілікті дәрежеде инвестиция құйғанын анықтау маңызды. Бәлкім бұл жұмысқа зауыттың жағдайына шынайы баға беретін халықаралық компанияны тарту керек шығар. Мұндай қайғылы жағдай қайталанбауы үшін барлық қажет шараны қабылдау керек. Ең бастысы – азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірі, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы