Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстауда екі апта ішінде 20 мыңнан астам тұрғын екпе салдырған. Осылайша, екпе алғандар саны 80 мыңнан асты.
Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Амандық Жұмыров айтқандай, екі аптада вакцина алушылар саны күрт өскен.
Бұрынғы кезде күніне 50-70 адам келетін болса, қазір 250-300-ге дейін артты. Маусымның 30-ы күні 58 мың адам вакцина салдырса, қазір 78 мыңы алған. Яғни, 20 мың адамға өсіп, 45 пайызды құрап отыр, - деді Амандық Жұмыров.
Оның айтуынша, өңірде 38 екпе егу бөлмесі мен 14 жылжымалы бригада бар. 547 медицина қызметкері сенбі, жексенбі күндері де еңбек етіп жатыр.
Ал Ақтаудағы №1 емхана директорының міндетін атқарушы Күнсұлу Сүйесінова вакцина алуға келетін адам қарасы күн санап артып отырғанын айтты.
Емханада 3 кабинет жұмыс істеп жатыр. Егер де халық саны көбейіп кетсе, 4-ші кабинет ашуға әзірміз. Егде жастағы адамдар да келіп жатыр. Маусым айының аяғынан бастап індетке шалдыққандар саны өскендіктен, мобильді бригадаға да шақырту көп. Бұрын күніне 20-25 қоңырау шалса, соңғы күндері 45-50 шақырту түсіп жатыр, - деді Сүйесінова.
Сонымен қатар маңғыстаулық медицина қызметкерлерінің 77 пайызы вакцина салдырып үлгерген.
Айта кетейік, облысқа 221 250 доза вакцина жеткізілді, оның ішінде: ресейлік Sputnik V: I компонент - 96 150 доза, II компоненттен - 66 600 доза QazVac – 7000 доза Hayat Vax – 31500 доза CoronaVac - 20 000. Маңғыстау облысында вакцинаның бірінші компонентін алғандар саны - 80 119, ал екінші компонент 41 396 адамға егілген.