Маңғыстауда адамдар мен көліктерді "Тәжен" пункті арқылы өткізу үш айға тоқтатылады

Кеше, 14:49
274
Бөлісу:
Маңғыстауда адамдар мен көліктерді "Тәжен" пункті арқылы өткізу үш айға тоқтатылады
Фото: gov.kz

Маңғыстау облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің мәлімдемесіне сәйкес, ақпанның бірінен бастап Өзбекстанмен шекарадағы "Тәжен" өткізу пункті – кеден бекеті арқылы жеке тұлғалар, жеңіл автокөліктер, автобустар және жүк көтергіштігі 3,5 тоннаға дейінгі автокөлік құралдарының қозғалысы үш айға уақытша тоқтатылады. Терминалды күрделі жөндеуден өткізіп, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жасап, өткізу пунктін жаңғыртуға байланысты шектеу қойылып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үш ай бойы жеке тұлғалар, жеңіл автокөліктер, автобустар және жүк көтергіштігі 3,5 тоннаға дейінгі автокөлік құралдарының қозғалысы келесі өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады:
- "Б.Қонысбаев" (ҚР) – "Яллама" (ӨР) өткізу пункттері (жеке тұлғалар, жеңіл автокөліктер, автобустар және 3,5 тоннаға дейін жүктемелейтін автокөлік құралдары); 
- "Қапланбек" (ҚР) – "Зангиота" (ӨР) өткізу пункттері (жеке тұлғалар, жеңіл автокөліктер, автобустар); 
- "Сырдарья" (ҚР) – "Малик" (ӨР) және "Целинный" (ҚР) – "Ок олтин" (ӨР) өткізу пункттері арқылы (жеңіл автокөлік құралдары, жеке тұлғалар), - деп көрсетілген Мемлекеттік кірістер департаменті таратқан хабарламада.

Бұдан бөлек, "Тәжен" өткізу пунктінің Маңғыстау облысындағы "Бейнеу" теміржол станциясына жақындығын ескеріп, жеке тұлғалардың халықаралық жолаушылар тасымалдау пойыздары арқылы теміржол көлігімен шекарадан өте алатыны хабарланған.

"Тәжен" өткізу пункті - Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері арасындағы маңызды шекара өткелдерінің бірі болып саналады.

Еркін Болатов

Өзгелердің жаңалығы