Маңғыстау театры халықаралық фистивальде жүлделі болды

29 Маусым 2022, 13:10
1980
Бөлісу:
Маңғыстау театры халықаралық фистивальде жүлделі болды
PHOTO
Фото: автордан

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры Грузияда өткен «Театрлық Имерети-2022»  фестивалінде «Үздік актерлік ансамбль» жүлдесін жеңіп алды. 

Халықаралық байқуда театр ұжымы Авксентий Цагарелидің «Ханума» спектаклін сахналаған. Бұл грузин драматургының  талай көрерменді күлкіге кенелткен музыкалық комедиясының желісімен жасалған заманауи поп-арт комедия. Спектакльдің қоюшы режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр директоры  Гүлсина Мерғалиева. 

Театр труппасы «Ханума» поп-арт комедиясын сахналап, көрерменінің ерекше қошеметіне бөленді. Қойылымнан кейін грузин елінің театр қайраткерлері алған әсерлерімен бөлісіп, ықыластарын жеткізіп жатты. Спектакльді тамашалаған Имерети өңірінің губернаторы Звиад Шаламберидзе зор алғысын білдіріп, Қазақстанға сәлемін жолдады- дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Гүлсина Мерғалиева. 

Маңғыстау театры халықаралық фистивальде жүлделі болды

«Ханума» комедиясының желісі бойынша Тифлистің бай көпесі ақсүйектермен құдаласып, мәртебесін арттыруды армандайды. Сол үшін қызы Сонаны кәрі, әрі кедей болса да князге беруге әзір. Ал Сона болса княздің жас және ақын бауырын сүйеді. Кәрі князды жас сұлуға үйлендіру қамына кіріскен қос жеңгетай Ханума мен Кабатоның қызықтары, кейіпкерлер арасындағы қым-қиғаш қатынастар, грузиннің әуезді де ойнақы ән-билерімен өріліп, оқиға желісі ширатыла түседі. Ақыр аяғында әркім өзіне тиесіліні алады. 

Грузияның Кутаиси қаласында өтіп жатқан халықаралық фестиваль 30 маусымға дейін жалғасады. Нұрмұхан Жантөрин театрының ұжымы  «Үздік актерлік ансамбль» аталымымен қоса,  «Грузин драматургиясының үздік сахналық интерпретациясы» арнайы сыйлығына да ие болды. 

Өзгелердің жаңалығы