Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тұлға-достық» қоғамдық қоры идеологиялық маңызы бар ауылдардың жетістігін көрсететін «Үздік 30 ауыл» жобасын жүзеге асырды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аталған жобаның мақсаты: үздік ауылдарды өзге ауылдарға үлгі-өнеге ету, ауылын көркейтуге үлес қосып отырған азаматтарды дәріптеу, кәсіпкер азаматтардың, жастардың назарын туған ауылына бұру.
Еліміздің 14 облысын қамтыған «Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбомына Маңғыстау облысынан Түпқараған ауданына қарасты Таушық және Маңғыстау ауданына қарасты Онды ауылдарының Тәуелсіздік жылдарындағы жетістігі енгізілді. Анықтамалықта ауыл жайлы мағұлматтар беріліп, суреттері қамтылған.
Онды ауылы – әлеуметтік-экономикалық және ауыл шаруашылығы жағынан өркендеп келе жатқан елді мекендердің бірі. Бұл – қоғам қайраткері, әдебиеттің алыбы Әбіш Кекілбаевтың туған жері. Ауыл шағын болғанымен, күн санап көркейіп, гүлденіп келеді. Жайлы өмірге қажетті табиғи газ, жарықпен қамтылып, ауыл ішіне жол төселген.
Таушық ауылы түйе шаруашылығымен белгілі. 80 жылдан астам тарихы бар ауыл бүгінде ажарлы кейпімен, базарлы тұрмыс-тіршілігімен Маңғыстау облысындағы үлгілі, алдыңғы қатарлы ауылдардың біріне айналды. Ауыл азаматтарының қолдауымен, жаңа нысандар бой көтеріп, халық игілігі үшін маңызды шаралар атқарылуда.
Анықтамалықтың тұсаукесері 16 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Конституция» залында өтті. Тұсаукесерге еліміздің 14 облысынан анықтамалыққа ауылдары енген 30 ауылдың өкілдері, аудан, ауыл әкімдері қатысты.