Маңғыстау облысында жол апатынан 10 адам қайтыс болды. Бірнеше адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
11 қыркүйек күні Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Сенек елді мекенінен 90 шақырым қашықтықта орналасқан автожолда жантүршігерлік жол апаты болды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, "Toyota Hiace" маркалы автокөліктің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, салдарынан көлік жол шетіне аударылып кеткен. Көліктің ішінде жолаушылар болған.
Жол апатының салдарынан 8 адам оқиға орнында көз жұмды, тағы екі адам ауруханаға жеткізу барысында қайтыс болды. Жүргізуші мен екі жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды, - деп хабарлады Маңғыстау облысының ПД баспасөз қызметі.
Полиция департаменті қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтады.
Еске салайық, бұған дейін Оралда бағанға соғылып, аударылып қалған көліктегі жолаушы қаза тапқан болатын.