Маңғыстау облысында мұнай төгілген жерлер қайта өңделеді

8 Қыркүйек 2023, 02:40
1241
Бөлісу:
Маңғыстау облысында мұнай төгілген жерлер қайта өңделеді
Фото: скрин

Маңғыстау облысында жалпы салмағы 1 млн тоннадан астам топыраққа мұнай сіңген, деп хабарлайды, деп хабарлайды BAQ.KZ «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Соның 800 мың тоннасы жыл соңына дейін өңделеді. Жерді осыдан 50 жыл бұрын жұмыс істеген мұнай кәсіпорындары бүлдіріп кеткен. Енді мамандар еуропалық үлгідегі құралдарды қолданып, залалсыздандыруды жалғастырып жатыр. Бұл жұмыстар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға тиіс. Одан бөлек, Қарақия ауданында 50 жұмыс орнын ашуға сеп болған. Топырақ ластану деңгейіне қарай бірнеше сұрыпқа бөлінеді. Залалсыздандыру кезінде жер құрамынан құм, саз және мұнай эмульсиясы бөлінеді. Бұдан соң топыраққа мал тезегі, минералды тыңайтқыштар мен Қазақстанда жасалған биоөнім қосылады. Ол өз кезегінде мұнай қалдығын қышқылдандырады. Мамандар осылайша тазалаудан өткен жер учаскесіне дәнді-дақыл егіп, сынақтан өткізген.

Былтыр күзде өңделген топыраққа мыңға жуық сексеуіл көшетін ектік. Бұдан бөлек, осы өсімдіктің 500 тұқымы себілді. Сондай-ақ бау-бақша дақылдарын егуді бастадық. Қазір жасыл желек өсіп келеді, - дейді мердігер мекеменің бас инженері Ербол Ұзақов.

Қарақия ауданында ластанған аумақтарды тазалау үшін мұнай компаниясы 2019 жылы мемлекеттік органдармен меморандумға отырған. Мұнай қалдығы аралас жер учаскелерін өңдеуге 13 млрд теңге бөлініпті. Қазіргі кезде жұмыс екі ауысыммен жүріп жатыр. Тазаланған топырақтың табиғатқа зияны жоқтығын 3 тәуелсіз зертхананың сараптамасы көрсеткен.

Меморандум бойынша 1 млн 65 мың тонна жерді тазалау керек болатын болса 2024-тің аяғына дейін, соның 800 мың тоннасын жылдың аяғына дейін тазалаймыз деген жоспар бар. Қысты күндері жұмыс шамалы тоқталған, оның рұқсат қағаздарын алу керек болды. Су қатып қалады, сондай мәселелер болды. Сәуір айынан бастап осы күнге дейін жұмыстарды жасап, тазартамыз деген жоспар бар, - дейді мұнай мекемесінің бас директоры Мұрат Мұстафаев.

Мамандар өңделген жерге жасыл желек егу жалғасып жатқандығын айтады.

Жалпы көлемі 2 млн тоннаға жуық осындай тарихи ластанған жерлер бар. Қазіргі кезде 500 мың тоннадай қалдықтарды тазалады. 2025 жылы осы жұмыстарды толықтай аяқтап, мемлекет меншігіне беруі тиіс. Ол жұмыстарды біздің департамент бақылап отыр. Осылайша, Жетібай ауылы айналасын мұнай қалдығынан тазартып, өңделген жерге жасыл желек егу жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 1 гектардан аса аумаққа сексеуіл мен жеміс ағаштарының көшеттері егілді, - деді облыстық Экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов.

Өзгелердің жаңалығы