Өткен тәулікте Маңғыстау облысының аумағында 16 жол-көлік оқиғасы тіркелді, зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы өңірлік полиция департаменті мәлімдеді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, апаттардың төртеуі республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда болған. Ал қалған 12 жол-көлік оқиғасы Ақтау қаласының көше-жол желісінде тіркелген.
Полиция өкілдері барлық оқиғалардың жеңіл сипатта өткенін, ешкімнің жарақат алмағанын нақтылады.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдары өңірде ауа райы әлі де күрделі екенін ескертеді. Температураның төмендеуі мен көктайғақ сақталып отыр. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге барынша сақ болуға, мүмкіндігінше жолға шықпауға кеңес беріледі. Ал жолға шығу қажет болған жағдайда жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, қауіпсіз жылдамдықты таңдап, арақашықтықты ұстау қажет.