Маңғыстау облысына азық-түліктің 84 пайызы басқа елден келеді

27 Қараша 2023, 17:56
696
Бөлісу:
Маңғыстау облысына азық-түліктің 84 пайызы басқа елден келеді
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Маңғыстау облысына азық-түліктің 84%-ы сырттан жеткізіледі. Биыл 10 айда облыста агроөнеркәсіп кешені өсім көрсеткен. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл жалпы құны 1 млрд теңге болатын 4 жоба іске асты. Жаңа 80 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде азық-түлік сақтайтын қоймалар, жылыжай кешені, ет өңдеу комбинаты және ет өнімдерін консервілеу сынды жобалар іске қосылды. Биыл Маңғыстау облысында жергілікті кәсіпкерлер тәжірибе ретінде зәйтүн ағаштарын егуді қолға алып жатыр. Қазір 2 мың түп зәйтүн ағашы егілді. Сондай-ақ Арыста (Түркістан облысы) және Жаркентте (Жетісу облысы) да зәйтүн ағаштары егілді. Егер осы жоба оң нәтиже берсе, кәсіпкерлер 10 мың гектарға дейін зәйтүн ағашын егіп, оның майын алуды жоспарлап отыр, - деді Нұрлан Ноғаев ОҚК-да өткен баспасөз мәслихатында.

Облыс әкімі 2024 жылы 5 жоба жоспарланғанын айтты.

Оның ішінде 4 жылыжай құрылысы бар. Себебі біздегі азық-түліктің 84%-ы сырттан жеткізіледі. Тәуелділікті азайту үшін жылыжайларды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар азық-түлік сақтайтын қоймаларды салу мәселесі бар. Бұл жобалардың құны – 2,2 млрд теңге. Қазір мал азығы 99,8-99,9%-ға қамтамасыз етілді. Құдайға шүкір, биыл ауа райы қолайлы, жаңбырлы болып, шөп шүйгін шықты. Сондықтан қазір малымыз да күйлі, - деді Ноғаев.

Сондай-ақ Ноғаевтың айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 2,9 млрд теңге бөлінген.

1,7 млрд теңге мал шаруашылығын дамытуға бөлінді. Жалпы 730 ауыл шаруашылығы субъектісіне мал басын көбейтуге 1,5 млрд теңге субсидия төленді. Халықтың әл-ауқатын арттыруға құны 1,2 млрд теңге болатын «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асып жатыр. Ол өзінің нәтижесін көрсетуде. Қазір барлығы құны 1 млрд 200 млн теңге болатын 165 жоба (оның ішінде мал шаруашылығына – 111 жоба, өсімдік шаруашылығына – 6, басқа жобаларға – 48) мақұлданды. Осы жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз, - деді облыс басшысы.

Өзгелердің жаңалығы