Маңғыстауда су тапшылығы қалай шешіледі

2 Маусым 2023, 13:41
1698
Бөлісу:
Маңғыстауда су тапшылығы қалай шешіледі
Фото: автордан

Маңғыстау облыс күніне қанша суға тапшылық көріп отырғаны белгілі болды. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстың дамуы және халық саны өсу қарқынының жоғары болуымен суға деген сұраныс артып келеді. Қазіргі уақытта облыста ауыз суды тұтыну көлемі – 162 мың текше метр. Өңірде, әсіресе жаз мезгілінде тәулігіне – 77 мың текше метр суға тапшылық бар, - деді әкім.

Оның айтуына қарағанда, өңірдегі ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін 2025 жылға дейін жалпы су тұщыту қуаты 191 мың текше метр болатын 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Атап айтқанда, Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщытатын зауыт іске қосылды. Нәтижесінде «Астрахан-Маңғыстау» су құбырынан босаған 10 мың текше метр ауыз су Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Жетібай ауылдары тұрғындарының игілігіне пайдаланылып жатыр. Сондай-ақ «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-ші кезеңі бойынша жұмыс істеліп жатыр, - деді Ноғаев брифингте.

Сонымен бірге айтуынша, 2022 жылы жазғы маусымда су тұщыту қондырғысының 5 мың текше метрі қолданысқа берілді. 2023 жылы осы жұмыстарды толықтай аяқтау көзделіп отыр.

Ақтау қаласында жеке инвестор есебінен тәулігіне 20 мың текше метр су тұщыту қондырғысын салу жұмыстары жүргізілуде. Биыл жыл соңына қарай 10 мың текше метр су алуды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының 12 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау бойынша қойылған міндеті бүгінгі күні толықтай орындалды. Нәтижесінде елді мекендерде халықтың ауыз суға қолжетімділігі 96%-дан 100%-ға дейін жеткізілді, - деп толықтырды Нұрлан Ноғаев сөзін.

Өзгелердің жаңалығы