Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына шұғыл түрде жүрек функциясы жеткіліксіздігінің декомпенсациясы бар 64 жастағы пациент түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Пациент айқын әлсіздікке, ентігуге және аяқтың ісінуіне шағымданды.
Зерттеп-қарау кезінде III дәрежелі қолқа қақпақшасының жеткіліксіздігі анықталды, яғни бұл жалпы жеткіліксіздік болды. Эхокардиографияда аортаның жоғары бөлігі мен аорта түбірінің кеңеюі тіркелді. Қалыпты жағдайда-3,5 болуы керек, ал пациентте 6,5-ке дейін кеңейген. Сондықтан хирургиялық емдеуді жүргізуге көрсеткіштер болды, өйткені пациенттің фракциясы төмен болды. Сол жақ қарынша миокардының жиырылу қабілеті зардап шекті, шығарынды фракциясы - 28%, нормадан төмен болды. Пациент операция алдындағы мұқият дайындықтан өтті, сонымен қатар эхокардиографияда II және III дәрежелі митралды қақпақшаның жеткіліксіздігі анықталды. Дэвид операциясы деп аталатын қақпақшаны сақтау операциясы жасалды, содан кейін митралды қақпақшаны пластикалады. Операция шамамен төрт сағатқа созылды. Пациент екінші күні бейінді бөлімшеге ауыстырылды, жетінші күні шығарылды. Көңіл-күйі жақсы, көрсеткіштер қалыпты шектерде. Одан әрі пациентті оңалту кезеңі күтіп тұр, - деді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының кардиохирургия орталығының меңгерушісі Талғат Жақиев.
Атақты кардиохирург Тайрон Дэвид жасаған Дэвид операциясы – қолқа тамырына протездеу жүргізіліп, өзінің қолқа қақпақшасын сақтай отырып, жетілдірілген хирургиялық әдіс екенін айта кеткен жөн.
Операция пациенттердің санатына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың есебінен және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізіледі.