Маңғыстау облысында ТЖМ құтқарушылары Ұлыбританиядан келген туристерге көмек көрсетті. Шетелдік саяхатшылар мінген көлік жол жүруге қиын аумақта батпаққа батып қалған.
Оқиға туралы хабар 112 жедел қызметінің пультіне түскен. Белгілі болғандай, Тұзбайыр шатқалы маңында шетелдік туристер отырған көлік сорға батып, өздігінен қозғала алмай қалған.
Оқиға орнына құтқарушылар жедел аттанған. Көлікте Ұлыбританияның екі азаматы мен 12 жастағы бала болған. Жердің батпақты болуы мен рельефтің күрделілігіне байланысты көлікті шығару операциясы бір тәуліктен астам уақытқа созылған.
Арнайы техниканың көмегімен ТЖМ қызметкерлері көлікті қауіпсіз жерге шығарып, туристерді бағыт бойынша алып жүрген.
Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Шетелдік қонақтарға медициналық көмек қажет болмаған.