Маңғыстау ауданында «Ауыл аманаты» жобасы тиімді жүзеге асырылуда

8 Қараша 2024, 15:45
329
Бөлісу:
Маңғыстау ауданында «Ауыл аманаты» жобасы тиімді жүзеге асырылуда
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Биыл Маңғыстау ауданында «Ауыл аманаты» жобасы мал шаруашылығы мен өзге бизнес түрлерін дамытуға басымдық берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, мал шаруашылығына 24 жоба қаржыландырылып, өзге бизнес түрлеріне 30 жобаға қолдау көрсетілуде. Бұл жобалар іске асқанда аудан бойынша жұмыссыздықты төмендетіп, қосымша 50 жұмыс орнын ашуға ықпал етпек.

Жобаның алғашқы кезеңінде аудан көлемінде 12 ауылдың тұрғындарына саралау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 193 әлеуметтік көмек алушы мен 1611 жұмыссыз тұрғын анықталды.

2023 жылы аудан тұрғындарының табысын арттыру мақсатында 23 жобаға несие бөлінді. Оның ішінде 19 жоба мал шаруашылығына, 4 жоба өсімдік шаруашылығына берілді. Мал шаруашылығы жобасы аясында 342 бас мал сатып алынып, Жыңғылды ауылында бақша өнімдерін өсірумен айналысатын кооператив құрылды, - делінген хабарламада.

Маңғыстау ауданында «Ауыл аманаты» жобасы тиімді жүзеге асырылуда

«Каспий» ӘКК арқылы несие алған Шетпе ауылы 12, Жыңғылды 6, Шайыр, Онды, Ақтөбе, Жармыш және Тұщықұдық ауылдық округтері 1 жобадан іске асырды.

Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында түйе сүтін арттыруға 10 жоба ұсынылды. Маңғыстау ауданы облыстағы түйе басының 40%-ын қамтитын болғандықтан, кәсіпкерлерге қосымша жеңілдіктер қарастырылып отыр. Жылына 20 мың тонна сүт өндірілетіндіктен өнімді ірі сүт зауыттарына жеткізу жоспарлануда, - деп бөлісті облыстық әкімдікте.

Маңғыстау ауданында «Ауыл аманаты» жобасы тиімді жүзеге асырылуда

Ал ет өндірісін дамытуға 12 жоба және тауық етін өндіруге 2 жоба қарастырылған. Өндірілген өнімдерді Ақтау қаласындағы көтерме сауда орталығына тарату үшін барлық қажетті қолдау көрсетіледі.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аудан көлемінде жұмыссыздықты төмендетуге, шағын кәсіпкерлікті дамытуға және аудан экономикасын нығайтуға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы