Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры белгілі ақын, бард, Қазақтың сары тентегі Қуаныш Мақсұтовтың “Мәңгілік мұңның әуені” атты поэтикалық-музыкалық қойылымының премьерасын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Халық арасында “Сары тентек” атанып, ел ықыласына бөленіп кеткен Қуаныш Мақсұтовтың биыл мерейлі 60 жас мерейтойына орай «Мәңгілік мұңның әуені» поэтикалық-музыкалық қойылымының шығармаларын Музыкалық жас көрермен театры артистері орындап, кеш қонақтарына естен кетпес сәт сыйлады.
Бұл поэтикалық-музыкалық қойылым көрерменге поэзия мен музыка әлеміне саяхаттауға мүмкіндік береді.
Қазақтың сары тентегі Қуаныш Мақсұтов шығарма желісі жайлы айтып берді.
Бүгін менің шығармашылығымның желісінде, оның ішінде менің поэзия, бардтық туындыларым, шансондарым мен авторлық әндерім кіреді. Асхат Маемировтей қазақтың біртуар режиссері әдеби-музыкалық қойылым қойды. Біз мұны бастаған кезде мамандармен ақылдастық. Сол кезде екі нәрсенін көздедік. Ең алдымен, мерейтойды өткізудің жаңа форматын енгізгіміз келді. Мысалы, Қарағандыдағы С.Сейфуллин атындағы академиялық театр менің шығармашылығым бойынша моноспектакль қойды. Ал енді бүгін үлкен әдеби-музыкалық қойылым драмалық негізде болып отыр. Мұндағы мақсат неде? Өнердің ұлылығы – эстетика. Ол әдемі болуы керек. Мысалы, мен жыр жинағымды да әдемі етіп шығардым. Сонымен бірге мүмкіндігінше театрда, қойылымдарда, шығармашылық және мерейтойлық кештерде өнер арқылы тануы керек, - дейді ақын.
Қуаныш Мақсұтов бүгінгі қойылым арқылы көрермендер өзінің жырларын, туындыларын тыңдап, оны бағалап, эстетикамен тәрбие алғандарын көздейтінін атап өтті. Ақын болашақта әдеби-музыкалық моноспектакль қойғысы келетінін айтты.
Ақын қазіргі күні халықтың театрға деген махабатты ерекше екенін айтып, қуанышын жасырмады. Оның сөзінше, Музыкалық жас көрермен театрының “Гауһартасының” өзі жетістік.
Жаңа шешімдер болуы керек. Біз бұрынғыдай екі креслоны қойып, қасында сумаңдаған жүргізуші, одан кейін ауылдың әкімінен бастап мақтап, ат мінгізген дегенді тоқтатуымыз керек. Театрға, концерт залына келген адам тек қана өнерді көріп, эстетикалық ләззат алып, рахаттануы керек. Осы форматқа енетін болса, қазақ халқының театр өнері одан сайын дами түседі, - деді Қуаныш Мақсұтов.
Ол кешті өткізуге атсалысқан әріптестері мен Астана қаласының әкімдігіне, Музыкалық жас көрермен театрына алғысын айтты.
Театр актері Мұхамедсаид Бағашаров азаматтық позициядағы Қуаныш ағаның рөлін сомдап, өлеңдерін оқиды.
Бүгін театрымызда Қуаныш Мақсұтов ағамыздың шығармашылық кеші өтті. Біз осыған дейін Қуаныш ағамызды ақын ретінде танысақ, шығармашылық кешінің арқасында ол кісінің әндерімен таныстық. Сонымен қатар керемет, жан-жақты ақын екенімен және азаматтық позициядағы өлең жолдарымен таныстық. Бүгін ағамыздың үш қыры кеңінен тарқатылды. Яғни азаматтық позициядағы Қуаныш ағамыздың өмірге деген көзқарасы, сазгер және айтыскер ақын ретінде танимыз. Қойылымға 1,5 айдың көлемінде дайындалдық. Бізге әндер бөлініп берілді. Бұл жерде біз ақынның өлеңдері мен айтысқан сөздері ғана емес, жалпы өмірге келген күннен бастап ары қарайғы өмірі кеңінен тарқатылады, - деді актер.
Премьераның ашылуында қойылымның қоюшы-режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері Асхат Маемиров көрермендерді қарсы алды.
Бүгін қазақ айтысында бард сазгерлік өнерінде өзінің қолтаңбасы бар Қуаныш Мақсұтов ағамыз жазған әндер мен өлеңдердің негізінде “Мәңгілік мұңның әуені” атты поэтикалық-музыкалық қойылымның премьерасы. Кешімізге қош келдіңіздер, - деді Маемиров.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен осы кештің негізінде Қуаныш Мақсұтовтың қазақ өнеріне, қазақ поэзиясына, қазақтың айтыс өнеріне, жалпы қазақтың мәдениетіне қосып жатқан үлесін бір қойылымға сыйғызу мүмкін емес екенін айтты.
Қойылым болашақта театр сахнасында ойып тұрып орын алар, көрерменнің жүрегіне жол табар шығарма болады деген сенімдемін, - деп әкімнің орынбасары ақынға шығармашылық табыс тіледі.
Айта кетейік, поэтикалық-музыкалық қойылымның қоюшы-режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері Асхат Маемиров, кейіпкерлер мен орындаушылар театр артистері.