Елімізде МӘМС жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Бұл өзгерістердің мақсаты – медициналық қызметтердің сапасын арттырып, оны халықтың барлық санатына қолжетімді ету. Алайда, жүйеге қатысты сын-пікірлер де бар. Кейбір азаматтар сақтандыру төлемдері мен қызмет көрсету сапасына қатысты сұрақтар көтеріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда 2020 жылдан бері енгізілген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі денсаулық сақтау саласындағы маңызды реформалардың бірі. Бұл жүйе азаматтарға медициналық қызметтерге қолжетімділікті арттырып, емханалар мен ауруханаларға қосымша қаржыландыру көзін ұсынуды мақсат етеді. Дегенмен, соңғы жылдары МӘМС жүйесіне қатысты әртүрлі сын-пікірлер де айтылып келеді. Осы мақалада жүйеге енгізіліп жатқан жаңашылдықтар, пайда болған мәселелер мен олардың шешу жолдары, сондай-ақ МӘМС-тің тиімділігі туралы кеңінен қарастырамыз.
Денсаулық министрлігінің дерегінше, бүгінде қазақстандықтардың 83%-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосылған. Олардың ішінде 72%-ы мемлекет тарапынан қамтамасыз етіліп отырған осал топтардағы азаматтар.
МӘМС-ке қанша төлеп жүрміз?
МӘМС үшін ай сайынғы төлем мөлшері төлеушінің санатына байланысты:
Жұмыс беруші өз қызметкерлері үшін қызметкері үшін жалақы деңгейінің 3%-ы мөлшерінде өз қаражатынан аударымдар жасайды. Ай сайынғы төлем ең жоғары 10 еселенген ЕТЖ-нің 3% – 25 500 теңгеден аспауы тиіс.
- Жалдамалы қызметкер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарты бойынша жұмыс істейтін тұлғалар (ақылы жұмыс немесе қызмет көрсету) және жеке көмекшілер – табыстың 2%, бұл ретте 2024 жылға ең жоғары төлем - 17000 теңге. Егер адам бірнеше жерде жұмыс жасаса, барлық жұмыс орындарынан МӘМС-ке жиынтық төлем 10 еселенген ЕТЖ-ның 2%-дан аспауы керек (10*85000*2%) немесе 17 000 теңге;
- Жеке кәсіпкерлер (ЖК), шаруа қожалықтарының (ШҚ) иелері, жеке практикамен айналысатын тұлғалар – 1,4 ЕТЖ - дан 5%, ай сайынғы төлем 2024 жылы 5950 теңге;
- Дербес төлеуші – 1 ЕТЖ-дан 5%, ай сайынғы төлем 2024 жылы 4250 теңге;
- Бірыңғай төлем төленетін тұлғалар( салық кодексінің 776-3-бабы): жұмыс беруші қызметкер үшін МӘМС аударымдарын өз қаражатынан ай сайын бірыңғай төлем сомасының 15%-ын төлейді; қызметкердің жалақысынан бірыңғай төлем сомасының 10%-ы мөлшерінде МӘМС жарналары ұсталады.
Егер өткен (2024) жыл үшін берешек болса, оны өтеу үшін дербес төлеуші ретінде берешектің әрбір айы үшін 4 250 теңге төлеу қажет.
2025 жылы ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) 85 000 теңгені құрайды.
МӘМС жүйесіне енгізілетін өзгерістер
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2027 жылға дейін МӘМС жүйесінде бірқатар өзгерістер жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, кейбір медициналық қызметтерді базалық пакетке көшіру арқылы сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматқа қолжетімді ету көзделіп отыр.
Негізгі өзгерістер:
Әлеуметтік маңызы бар 12 ауру бойынша диагностика ақысыз болады.
- МӘМС жарналарының төлем жүйесі оңтайландырылады.
- Медициналық қызметтердің ашықтығын арттыру мақсатында жаңа цифрлық жүйелер енгізіледі.
- Медициналық ұйымдарды қаржыландыру тетіктері қайта қаралады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуі денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемін 3 есе ұлғайтуға мүмкіндік берді, яғни 1 трлн-нан 2,9 трлн теңгеге дейін. Бұл саланың көптеген бағытын қаржылық ресурстармен барынша толықтырды. Оның ішінде дәрігерлердің жалақысы 2,3 есе өскендігін айтып кеткен жөн, - деді денсаулық саласының басшысы.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл өзгерістерді халықтың сақтандыру деңгейін арттыру және медициналық қызметтердің сапасын жақсарту үшін қабылданып отырғанын атап өтті.
МӘМС: Мін мен сын
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жақында МӘМС жүйесінің жұмысын қатты сынға алды. Ол кейбір медициналық мекемелердің қызмет көрсетуінде заң бұзушылықтар бар екенін атап өтті.
Аймағамбетов МӘМС-тің қазіргі моделі халыққа медицинаны қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр деген пікірде.
МӘМС бойынша бес айлық баланың тісін қаңғырттан емдеген екен. Бес айында әлі тісі шықпаған баланың тісін қалай қаңғұрттан емдеуге болады? Бұдан да сорақы жағдай. Басқа бір адамның 82 тісі емделген екен және соған қаражат төлесін деп қорға тиісті есеп берген екен. Тағы да бір кейс. Бір күнде бір аурухана бір адамға 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар өте көп. Неге? Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен қосып жазуға итермелейді. Себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ. Ал клиникалық протоколдар мен тиісті стандарттар бұлыңғыр және ашық емес, - дейді депутат.
Анықталған мәселелер:
Жалған медициналық қызмет көрсету:
– Мысалы, 5 айлық сәбидің тісіне кариес емдеу үшін төлем талап етілген.
– Бір науқастың 82 тісін емдеген деген жалған есеп берілген.
Сапасыз медициналық қызметтер:
– Кейбір азаматтар сапасыз қызмет алғанын айтып шағымданып жатыр
– Емханаларда дәрігерге кезек тым ұзақ.
Халықтың толық қамтылмауы:
– Қазіргі таңда 3,5 миллионнан астам адам сақтандырылмаған, сондықтан олар медициналық қызметтердің толық спектрін пайдалана алмайды.
Ұсынылған шешімдер:
- Жасанды интеллект (AI) көмегімен медициналық қызметтерді бақылау.
- Жүйенің ашықтығын арттырып, халықтың сенімін күшейту.
- Сақтандырылмаған азаматтар үшін балама механизмдер қарастыру.
Елордалық Айсұлу Алдиярқызы да МӘМС-тің қызметіне көңілі толмайтынын айтады.
Ол мемлекеттік емханалардан ай сайын қызмет алмайтындықтан, төлеген қаржысы қайда кетіп жатқанын білмейтінін айтты.
Мемлекеттік емханаларға барғанмен, кезегің тез келе қоймайды. Сол себепті жекеменшік емханалардың қызметіне жүгінемін. Бірақ ресми тіркелген қызметкер ретінде ай сайын МӘМС-ке жарнамды төлеп отырамын. Дегенмен менің ақшам қайда кетіп жатыр? Ол жиналмай, күйіп кете ме? Түсінбеймін. Меніңше, әр адамның жарнасын жинақ ретінде жинау керек. Кейін қажет болған жағдайда ол өзінің денсаулығын жақсартуға, ем алуға сол жинаған жарнасын төлей алатындай болуы керек, - деп ойын айтты астаналық.
МӘМС-тегі ақшаны кім қайтарып ала алады?
Денсаулық министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, сақтандырылған азаматтар қайткен күнде де медициналық қызметті тегін алуға құқылы. Алайда бірнеше жерде жұмыс істейтін адамдардың барлық жұмысынан жарна төленгенімен, оның көлемі белгіленген шектен аспауы тиіс.
Егер бірнеше жерде жұмыс істейтін азаматтардың жалпы жарнасы 850 мың теңгеден (10 еселенген ең төменгі жалақы мөлшері) асып кетсе, олар артық төленген соманы қайтарып ала алады. Ол үшін МӘМС-тің жергілікті филиалына өтініш беру жеткілікті, - ведомство басшысы.
МӘМС жүйесінің тиімділігі мен жетістіктері
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, МӘМС жүйесі енгізілгеннен бері Қазақстандағы медициналық-демографиялық көрсеткіштер айтарлықтай жақсарды.
- Жалпы өлім-жітім 8%-ға төмендеді.
- Ана мен бала өлімі азайды.
- Күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін ұзарды.
- Скринингтік тексерулерден өтетін адамдар саны артты.
МӘМС жүйесі әсіресе, онкологиялық аурулар мен жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтау бойынша оң нәтиже беріп отыр.
МӘМС жүйесін жетілдіру жұмыстары
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2024 жылы цифрландыру бағытында бірқатар маңызды қадамдар жасады.
Жаңа өзгерістер:
E-Saqtandyrý төлем жүйесі:
– Азаматтар МӘМС төлемдерін оңай төлей алады.
Ахуалдық-талдамалық орталық:
– Бұл орталық МӘМС қаражатының қалай жұмсалып жатқанын қадағалайды.
Телеграм-бот арқылы ақпарат алу мүмкіндігі:
– Енді сақтандыру мәртебесін тексеру оңайлатылды.
МӘМС жүйесі Қазақстанда денсаулық сақтау саласын жақсарту мақсатында енгізілген маңызды реформа болып қала береді. Жүйенің арқасында медициналық қызметтердің сапасы артып, азаматтардың өмір сүру ұзақтығы мен денсаулық көрсеткіштері жақсарды.
Түйткілді мәселелер:
- Сақтандырылмаған халықтың саны әлі де жоғары.
- Медициналық қызмет сапасына қатысты шағымдар бар.
- Жүйеде заң бұзушылықтар анықталуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Үкіметтің кеңейтілген отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керегін тапсырды.
Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс, - деді Президент.
Бұл мәселелерді шешу үшін МӘМС жүйесін цифрландыру, бақылауды күшейту және халықты сақтандыруға толық қамту бағытында жұмыс жүргізіліліп жатыр.