МӘМС жүйесінде мәртебе берілуі үшін қызметкерлер тізімін жаңарту қажет

31 Наурыз 2021, 12:53
1497
Бөлісу:
МӘМС жүйесінде мәртебе берілуі үшін қызметкерлер тізімін жаңарту қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, МӘМС жүйесін іске асырудағы өзекті мәселелердің бірі – азаматтарымыздың сақтандыру мәртебесі. Шағын және орта бизнес өкілдері 2021 жылдың 1 сәуіріне дейін азаматтардың жеңілдікке ие санатына жататын жұмысшылары туралы деректі (ЖСН) msb.fms.kz сайтына енгізуі қажет.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұрғындардың 82%-ы МӘМС жүйесінің қатысушылары. Бір жылдың ішінде сақтандырылған тұрғындар саны 43 311 адамға көбейді: 2020 жылдың қаңтар айында 922 893 адам болса, 2021 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіш - 966 204.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, әлі 213 мыңнан аса қала тұрғыны қамтылмай, МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.

Олардың ішінде 90,1 мыңы - жалдамалы жұмыскерлер, жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық шарт негізінде жұмыс істейтіндер, бірыңғай жиынтық төлем бойынша жарна аударатындар, өз бетінше жарна төлейтіндер, жеке практикамен айналысатын адамдар – жүйелі, тұрақты түрде аударым жасалмағандықтан МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр, - дейді ол.

Сонымен қатар, сақтандырылмағандар арасында жыл соңына дейін сақтандыру төлемдерінен босатылған ШОБ қызметкерлері де болуы мүмкін. Жеңілдікті пайдалану үшін жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлері туралы мәліметті қордың msb.fms.kz сайтына орналастырып, оларды сақтандыруы тиіс. Содан кейін жұмыскерлер ешқандай төлем жасалмаса да сақтандыру пакетіндегі қызметтерді кедергісіз пайдалана алады.

Соңғы деректер бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында барлығы 33 585 ШОБ субъектісі тіркелген. Олардың ішінде 22 178 субъект - ақпараттық жүйеде өз деректерін жаңартқан, ал 11407 - ақпараттық жүйеде өз деректерін әлі жаңартпаған. Осылайша, 11 407 кәсіпорынның жұмыскерлері МӘМС жүйесінен тыс қалады. Сондықтан жұмыс берушілер ШОБ жұмыскерлерінің медициналық сақтандыру мәртебесін нақтылаудың маңыздылығын түсінулері қажет, - деп атап өтті Қабдықапаров.

Өзгелердің жаңалығы