"МӘМС үшін 41 мың теңге сұрады": Босанған әйелдің өлімінен кейін туыстары Президенттен әділдік талап етті

Жамбыл облысында 30 жастағы Салтанат Нышанбайдың өлімінен кейін оның туыстары Президент пен бірқатар құзырлы органға шағымданды.

 Салтанат Нышанбайдың жеке мұрағатынан Бүгiн 2026, 13:48
Бүгiн 2026, 13:48
1103
Фото: Салтанат Нышанбайдың жеке мұрағатынан

Жамбыл облысында кесарь тілігінен кейін сепсиске ұшырап, 22 күн комада жатқан 30 жастағы әйел қайтыс болды. Туыстары медициналық көмектің кеш көрсетілгенін айтып, Президентке шағым жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жамбыл облысында 30 жастағы Салтанат Нышанбайдың өлімінен кейін оның туыстары Қазақстан Президентіне, Бас прокуратураға және бірқатар мемлекеттік органдарға ресми шағым жолдады. Олар марқұмның өліміне медициналық көмектің уақтылы көрсетілмеуі мен дәрігерлік салғырттық себеп болды деп санайды.

Салтанат 2026 жылғы 30 қаңтарда көз жұмды. Ол жүкті болған. Артында бес жастағы баласы мен жаңа туған нәрестесі қалды.

Фото: Салтанат Нышанбайдың жеке мұрағатынан

"Ол кенеттен емес, үш апта бойы қиналып қайтыс болды"

Марқұмның туыстарының айтуынша, Салтанат жүктілік кезінде тәуекелі жоғары топқа кірген. Денесі ісініп, жағдайы нашарлаған. Алайда олар оны жүктілік бойынша толық есепке алмағанын, қажетті тексерулер уақытылы жүргізілмегенін айтады.

Отбасының мәліметінше, медициналық қызметкерлер Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) мәртебесіне сілтеме жасап, көмек көрсетуді созған.

Марқұмның әпкесі Гүлнұр Тоғызова оқиғаның мән-жайын айтып берді.

Сіңлім Салтанат Бақытбекқызы Нышанбай 2026 жылғы 2 қаңтарда кесарь тілігі арқылы шұғыл босанды. Нәресте аман-сау дүниеге келді. Бірақ анасы баласын мүлдем көре алмады, босанған соң жан сақтау бөлімінде жатты. 5 қаңтарда WhatsApp арқылы сөйлескенде: "Мені екі күнде палатаға ауыстырады" деді. 7 қаңтарда дәрігерлер "сепсис болып кетті" деп жатырын алып тастады. Сол операциядан кейін ол оянбады, комаға түсті. 22 күн бойы өте ауыр халде жатып, 30 қаңтарда таңғы 4:30-да көз жұмды, – дейді ол.

Туыстарының айтуынша, сіңлісінің мекенжайына қарасты емханада оның жүкті болғанына қарамастан, "МӘМС бойынша төлем жоқ" деп жүктілік бойынша есепке алмаған, толық медициналық қызмет көрсетпеген.

Сіңлім жүкті бола тұра ісініп, жағдайы нашарлап тұрса да толық медициналық бақылауға алынбады. Тіпті емханада 41 мың теңгеге қолхат жазғызып алған. Соған қарамастан көмек толық көлемде көрсетілмеді. Жүкті әйел ақша үшін медициналық көмексіз қалды, – дейді Гүлнұр Тоғызова.

Марқұм Салтанат туралы не білеміз?

Фото: Салтанат Нышанбайдың жеке мұрағатынан

Туыстары марқұмның білімді, бірнеше тілді еркін меңгерген, кәсіби маман болғанын айтады. Ол 2014-2018 жылдары Қытай Халық Республикасының Харбин қаласында орналасқан Harbin Engineering University университетінде білім алған.

Фото: Салтанат Нышанбайдың жеке мұрағатынан

Оқу орнын тәмамдағаннан кейін жеке аударма бюросын ашып, Ресей, Грузия және АҚШ-тағы аударма ұйымдарымен кәсіби байланыс орнатқан.

Фото: Салтанат Нышанбайдың жеке мұрағатынан

Кесарь тілігі, сепсис және үш апта реанимация

2 қаңтар күні Салтанатқа кесарь тілігі жасалған. Туыстарының айтуынша, операциядан кейін ол есін жиып, сөйлескен. Алайда кейін жағдайы күрт нашарлаған.

Отбасы мүшелері дәрігерлер сепсисті кеш анықтады деп есептейді. Олардың сөзінше, кейін жатыр алынған, септикалық шок дамып, көп ағзалық жеткіліксіздікке ұласқан.

Сепсис деген не?

Сепсис – ағзаға түскен инфекцияға қарсы иммундық жүйенің шектен тыс реакциясы салдарынан дамитын ауыр жағдай. Ол қан арқылы бүкіл денеге таралып, ағзалардың жұмысының бұзылуына әкеледі. Уақтылы ем көрсетілмесе, септикалық шокқа ұласып, өмірге қауіп төндіреді.

Бізге "жағдайы ауыр" деді, бірақ нақты қауіптер айтылмады. Денесін алған кезде ойық жаралар, некроз белгілерін көрдік. Бұл бір күнде пайда болмайды. Бізден шындық жасырылды. Дүниеге келген нәресте анасыз қалды. Салтанаттың артында екі бүлдіршіні қалды: 5 жасар Жантөре мен нәресте Хантөре, – дейді туыстары.

Фото: Гүлнұр Тоғызова
Фото: Гүлнұр Тоғызова

Олар эклампсия (жүктілік асқынуы) сепсиске тікелей себеп бола алмайтынын алға тартып, инфекциялық асқыну дер кезінде анықталмаған деп санайды.

МӘМС мәселесі қайта көтерілді

Отбасы бұл істі жеке трагедия ғана емес, жүйелік мәселе деп бағалайды. Олар жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсету МӘМС мәртебесіне тәуелді болмауы тиіс деп есептейді.

Қазақстан заңдарына сәйкес, жүкті әйелдерге жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңде медициналық көмекті міндетті тегін көлемде көрсету көзделген. "Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің 97‑бабында: жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге денсаулық сақтау ұйымдарында мерзімсіз және босану кезіндегі кез келген медициналық көмек тегін көрсетілетіні айқын көрсетілген. Бұл кепілдік МӘМС мәртебесіне қарамастан қамтамасыз етілуі тиіс.

Егер Қазақстанда жүкті әйел сақтандыру мәртебесіне байланысты қабылданбаса, онда болашақ аналар өмірін кімге сеніп тапсырады? Біз тек сіңліміз үшін ғана емес, әрбір әйел үшін жазып отырмыз, – делінген үндеуде.

Қандай талап қойылды?

Туыстары:

  • қылмыстық іс қозғауды;
  • тәуелсіз сот-медициналық сараптама жүргізуді;
  • барлық медицина қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді;
  • ақпаратты жасыру фактісін тексеруді;
  • жүкті әйелдерге қатысты МӘМС талаптарын қайта қарауды сұрайды.

Аталған факті бойынша ресми органдар қысқаша түсіндірме жасады. Жамбыл облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері міндетін атқарушы Шолпан Жапарқұлова қайғылы жағдайға байланысты пікір білдірді.

Ана өлімі фактісі расталды. Қазіргі уақытта қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр, – деді ол.

Ал Жамбыл облысының Полиция департаментінен аталған жағдайға қатысты түсініктеме сұралды.

Қазір бұл істі ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті тексеріп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша тергеу басталған жағдайда, құзырлы органдар істің барлық мән-жайын анықтайтын болады, – деп жауап берді BAQ.KZ тілшісіне облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұл оқиға – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның жанын ауыртатын жағдай. Ана мен баланың өмірі кез келген жүйеден, кез келген құжаттан жоғары тұруы тиіс. Егер айтылған жайттар расталса, мәселе жеке жауапкершілік шеңберінен шығып, денсаулық сақтау жүйесіндегі олқылықтарды қайта қарауды талап етеді. Ал қазір ең бастысы – оқиғаның мән-жайы ашық әрі әділ тергеліп, шындықтың анықталуы.

Наверх