МӘМС-тен қандай пайда бар: маман пікірі

15 Қаңтар 2024, 14:48
744
Бөлісу:
МӘМС-тен қандай пайда бар: маман пікірі
Фото: Кейіпкедің жеке мұрағаты

Алматыда МӘМС жүйесі қалай іске асырылып жатыр? Салада қандай өзгерістер мен қиындықтар бар? Осы және басқа да сұрақтардың жауабын алу үшін BAQ.KZ тілшісі Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевпен сұхбаттасты. 

– Соңғы кезде Қор қызметінің ашықтығы жайлы көп айтылып жүр. Ол қалай қамтамасыз етіледі? 2024 жылы міндетті медициналық сақтандыру саласында қандай өзгерістер болмақ?

– Елімізде МӘМС жүйесінің енгізілгеніне биыл бесінші жыл. Осы уақыт ішінде айтылған сын аз емес. Бес жыл деген проблемасы шаш-етектен келетін медицина саласына енгізілген мұндай күрделі реформа үшін көп уақыт емес. Дегенмен аз уақыт өтсе де, сақтандыру жүйесі өзінің тиімділігін растап үлгерді деп есептеймін. 
Ең алдымен, қаржы мәселесіне тоқталсақ. 2024 жылы Алматы қаласы бойынша медициналық көмекке 334,2 млрд теңге жұмсау көзделіп отыр. Оның 175,7 млрд теңгесі мемлекет тарапынан бөлінетін кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне, 158,5 теңгесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне тиесілі. Ойлап қарасаңыз, біздің денсаулық сақтау саласына бұрын-соңды осынша қаражат бөлінбеген. Бұны сақтандырудың ең бірінші пайдасы деп білген жөн. Себебі қаражат көбейген соң, ең алдымен, медициналық көмектің қолжетімділігі артады. 
Қазір медициналық ұйымдарға қойылатын талаптар да күшейді. Медициналық көмек көлемін бөліске салған кезде, медицина ұйымдарының пациенттерді қабылдау мүмкіндігі, тәуліктік және күндізгі стационардағы төсек-орын саны, рейтингі, бұрынғы қаржыландыру көлемі, кадрлық әлеуеті сынды көрсеткіштер міндетті түрде ескеріледі.

– Расын айтсақ, сақтандыру бойынша жеке медициналық мекемеге тіркелген азамат дәрігердің қабылдауына бірден жазыла алмайды, кейбір мекемелер тіпті бір ай бұрын жазылуды талап етеді. Бұл қаншалықты орынды? 

– Қордың маңызды міндетінің бірі – пациенттер құқығын қорғау. Осы мақсатта бірнеше кері байланыс каналы ашылған. Медициналық көмек дер кезінде көрсетілмесе немесе сапасы көңілден шықпаған жағдайда Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Қордың fms.kz ресми сайты немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы шағым қалдыра алады. Барлық шағымдар міндетті түрде қаралып, дәлелді жағдайларда ертерек шешілуіне атсалысамыз, ал медициналық ұйымдарға шара қолданамыз. 
Көбіне халық емханаға барғанда талон күту, базаның істемей қалуы секілді мәселелер туындайтынын айтып шағымданып жатады. Мұндай шағымдар аталмыш кемшіліктерді болашақта болдырмауға және медициналық қызмет сапасын жақсартуға көмектеседі. Мысалы, біздің филиал бір жылда медициналық көмек, оның сапасына қатысты 5 мыңнан астам шағым қарайды.

– Ал жұмыс берушілер қызметкерлер үшін айына қанша теңге аударады?

– Биыл жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлер үшін бұрынғыша, жалақының 3% мөлшерінде аударым жасайды. Жарнаның шекті мөлшері – 10 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) немесе 25 500 теңгеден аспауы тиіс. Жұмыс беруші аударымды өз есебінен төлейді. Ал, жұмыскердің жалақысынан 2% ұстап, қорға аударады. Төленетін соманың шекті мөлшері – 17 000 теңге.

– Елімізде мемлекет тарапынан сақтандырылатын азаматтар бар. Ал, жарна төлеуден бас тартатындар бар ма? 

– Дұрыс айтасыз, елімізде 15 жеңілдік санаты бар. Оған әлеуметтік жағынан аз қамтылған 11 миллионға жуық адам кіреді. Олар мемлекет тарапынан сақтандырылады. 

Сонымен қатар, елімізде МӘМС-ке бірде-бір рет жарна аудармағандар бар. Олардың көбі – «экономикалық белсенді» дейтін топқа жататын, 18 бен 40 жас аралығындағы азаматтар. Олар дәл қазір медициналық көмекке зәру болмауы мүмкін. Бірақ біздің елдегі сақтандыру моделі ортақ жауапкершілікке негізделгенін ұмытпаған жөн. Біз дәрігерге қаралып емделмесек те, туыстарымыз, балаларымыз, қарт ата-анамыз медициналық көмекке міндетті түрде жүгінеді. Біреуге мүлде көмек қажет болмауы мүмкін, ал енді біреу денсаулығына байланысты құны бірнеше миллион тұратын отаны қажет етеді. Осындайда науқас төлеген жарна мөлшері таразыланып жатпайды, медициналық көмек қажет жерінде тиісінше көрсетіледі.

-Әңгімеңізге рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы