Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалына тұрғындар тарапынан түсетін сұрақтар легі толастаған емес.
Қор тұрақты түрде тұрғындармен кері байланыста жұмыс жүргізіп отырады. 2021 жыл басталғалы 202 өтініш тіркелді, халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімі олардың бәрін уақытылы шешімін тапты.
Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Қай кезде де өзекті, жиі қойылатын тұрғындар сауалына Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің бас сарапшысы Жанаргүл Үмбетова жауап береді.
- Жанаргүл Құлпыбайқызы, МӘМС жүйесі енгізілгелі жылдан асты. Қазіргі кезде жеке клиникаға тіркелуге бола ма?
- Иә, әр адам бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымын, яғни емхананы еркін таңдауға құқылы, бұл ереже жеке клиникаларға да қолданылады. Тек бір ғана шарт – клиника Қормен келісімшартқа отырған қызмет жеткізуші болуы және МӘМС бойынша қызметтер көрсетуі шарт.
Емхананы жыл сайынғы тіркеу науқаны кезінде, сондай-ақ, егер адам тұрақты немесе уақытша тұратын, жұмыс істейтін немесе оқитын жерін ауыстырған, басқа елді мекенге көшкен немесе өзі тіркелген емхана қайта ұйымдастырылған жағдайда ауыстыруға болады.
- Медициналық сақтандырусыз еңбекке жарамсыздық парағын ашуға бола ма?
- Еңбекке уақытша жарамсыздығын тану үшін адамға еңбекке жарамсыздық парағы қажет. Егер ол бір жерде жұмыс істесе, онда жұмыс беруші ол үшін аударымдар жасайды және медициналық сақтандыру болуы керек. Егер адам қандай да бір себептермен МӘМС жүйесінен «шығып қалса», онда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде еңбекке жарамсыздық парағын ашуға болмайды.
- Мен жеңілдетілген нысандағы жеке кәсіпкермін, жалдамалы қызметкерлерім жоқ, МӘМС үшін қандай сома төлеуім керек?
- Жеке кәсіпкерлер үшін, салық есептілігі нысанына қарамастан, ай сайынғы жарна сомасы белгіленген, ол 2021 жылы 1,4 ЕТЖ 5%-ын, яғни 2 975 теңгені құрайды. МӘМС төлемін өзіңіз үшін екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі, «Қазпошта» АҚ, Kaspi.kz, TengriBank мобильді қосымшалары арқылы, сондай-ақ Касса 24 және Qiwi әмиян өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы аударуға болады.
- Ай сайын БЖТ төлегеніне қарамастан, кейде сол санаттағы адамдарда «сақтандырылмаған» деген мәртебе шығады. Неге?
- Сірә, өтініш берген сәтте ағымдағы ай үшін БЖТ төленбеген немесе алдыңғы үш айдың бірінде төлем жасалмаған не қателік кеткен болуы мүмкін. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, сақтандыру мәртебесін алу үшін БЖТ-ді үш ай қатарынан төлеу қажет. Сонымен бірге, егер ол төртінші айда медициналық көмек алуға ниет білдірсе, онда тағы БЖТ төлеуі керек.
Кейде адам техникалық себептермен жүйеден «шығып қалуы» мүмкін. Ол үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіну қажет. Егер мамандар барлық жарналардың бар екеніне көз жеткізсе, мәртебесін қалпына келтіреді.
- МӘМС төлемегені үшін қандай айыппұлдар қарастырылған?
- Өз қызметкерлері үшін жарна аударатын жұмыс берушілер үшін МӘМС бойынша берешек пайда болған жағдайда төлем күнін қоса алғанда, мерзімі өткен әрбір күн үшін берешек сомасының 1,25% мөлшерінде өсімпұл көзделген. Егер жұмыс беруші қызметкерге төлем жасамаса немесе уақытылы аударым жасамаса, қызметкер МӘМС пакетінде медициналық көмек ала алмайды, оның мәртебесі «сақтандырылмаған» болып өзгереді.
МӘМС үшін жасалатын аударымдар зейнетақы, әлеуметтік аударымдарды төлеу секілді, міндетті болып табылатынын атап өткен жөн. Бірақ жұмыскерлерге, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға, БЖТ төлеушілерге қандай да бір айыппұл санкциялары жоқ. Төлемдер тұрақты болмаған жағдайда азаматқа «сақтандырылған» мәртебесі берілмейді.
- Жұмыссыздар қалай төлейді?
- Жұмыссыздар, мемлекет төлейтін, азаматтардың жеңілдігі бар санатына жатады. Жұмыссыз мәртебесін растау үшін Жұмыспен қамту орталығына хабарласып, есепке тұру қажет. Егер адам жұмыссыз бола тұра, Жұмыспен қамту орталығына жүгінгісі келмесе, онда дербес төлеуші ретінде ай сайын 2125 теңге мөлшерінде жарна төлеу ұсынылады.
- Егер МӘМС үшін төлем жасамасам, шетелге шыға аламын ба?
- Иә. Елден кету құқығын шектеу бірнеше жағдайда ғана қолданылады (егер: адам сот процесіне қатысатын болса немесе қатысса, салық, айыппұл немесе алимент бойынша берешегі болса). Көріп отырғанымыздай, «МӘМС-те сақтандыру мәртебесінің болмауы» бұл тізімде жоқ, яғни шетелге шығуға кедергі болмайды.