Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елорда филиалының баспасөз қызметі.
2022 жылдың 4 шілдесінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар қабылданды. Сақтандыру мәртебесін алу үшін тек өткен 12 ай үшін емес, алдағы 12 айға да төлем жасауға болады. Бұл өзгеріс қол қойылған сәттен бастап 60 күннен кейін, яғни 2022 жылдың қыркүйегінде күшіне енеді, - делінген ведомство таратқан хабарламада.
Елімізде медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. МӘМС-ке төлем жасау барлығы үшін міндетті болып саналатынына қарамастан, елімізде шамамен 3,1 млн адам әлі күнге дейін сақтандырылмаған. Оның 3 млны-ы – халықтың экономикалық белсенді бөлігі, яғни жұмысқа қабілетті азаматтар.
Saqtandyrý ақпараттық жүйесінде соңғы 12 ай ішіндегі деректерді талдау кезінде МӘМС жүйесіне қатысушының алдыңғы мәртебесі тұрғысынан сақтандырылмағандардың 69%-ы мүлде жарна төлемегені анықталды. Азаматтардың тағы 16%-ы – өз қызметін азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша атқаратын тұлғалар. Қазір жарналарды төлеуді тоқтатқан бұрынғы жалдамалы жұмысшылар 7%-ды құрайды. Дербес төлеушілердің үлесі – 4%. Қазір жарна төлемейтін және сақтандыру мәртебесін жоғалтқан жеке кәсіпкерлер мен бірыңғай жиынтық төлем төлеушілердің саны 3%-ға тең. Бұл негізінен 38-40 жастағы адамдар. Олар бейресми жұмыс істейді және жарна төлемейді. Сондай-ақ жұмыспен қамту орталығына барып ресми тіркелуіне болатын жұмыссыздар да бар. Бұл жағдайда осы азаматтар жеңілдік санатына кіріп, олар үшін төлемдерді мемлекет аударады, – деп түсіндірді ӘМСҚ заңды және жеке тұлғалармен жұмыс істеу департаменті директорының орынбасары Жанар Ботагарина.
Қор жергілікті атқарушы органдармен, мемлекеттік кіріс басқармаларымен, «Атамекен» ҰКП және басқа да мүдделі мекемелермен бірлесіп сақтандырылмаған тұрғындарды МӘМС жүйесіне тарту бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Бұрын сақтандыру мәртебесін және МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу үшін пациенттің өткен 12 айға жарнасы төленген болуы және мәртебесін жоғалтпау үшін ай сайын жарналарды үзбей төлеуі міндеттелген еді.
Тәжірибе көрсеткендей және өтініштерді талдау нәтижесінде жұмыс істемейтін және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың өткен кезең үшін жарна төлеуге қызығушылық танытпайтыны анықталды. Сол себепті олар үшін МӘМС жүйесіне қатысудың баламалы нұсқасы әзірленді. Бұл сақтандыру мәртебесін алу үшін алдын ала 12 айға төлем жасауға мүмкіндік береді. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына енгізілген тиісті толықтырулар мен өзгерістер 2022 жылғы шілдеде бекітілді. Ол қыркүйек айының басында күшіне енеді. Біздің ойымызша, бұл халықты медициналық сақтандыру жүйесіне көптеп тартуға ықпал етеді, – дейді Жанар Ботағарина.
Азаматтар алдын ала жарналарды төлеп, жыл бойы МӘМС жүйесі бойынша көрсетілетін медициналық көмекті ала алады. Сақтандырылмаған халықтың шамамен 30%-ы жаңа төлем түрін пайдаланады деп күтілуде. Сонымен қатар өткен айларға берешегі жоқ дербес төлеушілердің МӘМС жарналарын ай сайын төлеу құқығы сақталады. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы дербес төлеушілер ай сайын ең төменгі жалақы мөлшерінің 5%-ы көлемінде – 3 000 теңге жарна төлейді.
Егер медициналық көмек көрсету сапасына қатысты сұрақтарыңыз болса, сіз өз емханаңыздағы пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне аласыз. Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өзіңізге ыңғайлы байланыс арналары арқылы хабарласа аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot .
Дәл осы құралдар сақтандыру мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеріп, ҚР электрондық үкіметі egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ға аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы жүргізілген төлемдер туралы біле аласыз.